ChatGPT жасап шығарған OpenAI 6,6 млрд доллар инвестиция тартты. Нәтижесінде компанияның нарықтағы құны 157 млрд долларға жетті. Осы арқылы венчурлық капиталмен қаржыландырылатын ең ірі стартаптардың біріне айналды.
Бұл туралы OpenAI сәрсенбі, 2 қазан күні жаңа қаржыландыру раунды аяқталғаннан кейін мәлімдеді. Компания аталған қаржыны жасанды интеллект зерттеулерін жетілдіруге, есептеу қуатын арттыруға жұмсамақ.
Инвестицияның негізгі үлесін, яғни 1,3 млрд долларды Джош Кушнердің Thrive Capital венчурлық қоры бөлген.
Microsoft компаниясы OpenAI-ға бұл жолы 750 млн доллар инвестиция салды. Бұған дейін 13 млрд доллар жұмсап, компанияның басты демеушісіне айналған еді.
Инвесторлар қатарында Nvidia және SoftBank та бар. Бірақ олар нақты қандай сома жұмсағанын жариялаған жоқ.
Reuters Apple келіссөздер жүргізгенімен, қаржыландыру раундына қатыспағанын хабарлады.
Bloomberg бұл келісім тарихтағы ең ірі жеке инвестициялардың бірі болғанын атап өтті. Сөйтіп, OpenAI Илон Масктың SpaceX және TikTok-тың ByteDance жобасымен бірге әлемдегі ең ірі стартаптардың біріне айналды.
OpenAI биыл 3,6 млрд доллар табыс табады деген үміт бар. Бірақ шығындары 5 млрд доллардан асып түсуі мүмкін. Altimeter-дің бас директоры Брэд Герстнердің пікірінше, OpenAI-дің ендігі қадамы биржаға шығу болмақ.
Reuters хабарлағандай, OpenAI коммерциялық ұйымға айналуды жоспарлап отыр. Бұл инвесторларға тартымды болмақ. Бірақ заң тұрғысынан қиындықтар туғызуы мүмкін.