Таяу Шығыстағы шиеленіс мұнай бағасы үшін айтарлықтай елеулі өзгеріс әкеле қомағанымен, нарық оған өзінше реакция танытты. Трейдерлер Brent мұнайының желтоқсандағы фьючерстерін барреліне 100 доллардан сата бастады. Goldman Sachs сарапшысы Скотт Рубнер 2024 жылдың соңында S&P 500 индексі 6000-нан жоғары боларына сенімді. ОПЕК+ мұнай өндірісін бұрынғы деңгейде қалдырды.
Таяу Шығыстағы жағдай мұнай бағасын 100 долларға жеткізбек
Трейдерлер Brent мұнайының желтоқсандағы фьючерстерін барреліне 100 доллардан сата бастады. Bloomberg осылай деп хабарлады.
Бұл – трейдерлер сақтықтан жасаған қадамы. Өйткені, Таяу Шығыстағы жағдай одан әрі ушықса, жеткізілімдерде кідіріс болуы ықтимал. Иранның мұнай нарығында маңызды ойыншы екенін осыдан-ақ аңғаруға болады.
Белгілі болғандай, алдағы желтоқсан айына 27 млн баррель Brent мұнайына өтінім түскен. Нью-Йоркте соның 7 млн-ы барреліне 100 доллардан сатылды. Әйтпесе, Brent мұнайының орташа бағасы әзірше 74,5 долларды құрап отыр.
«100 долларлық келісімдер сақтандыру полистерінің қызметін атқармақ. Дегенмен, аса бір үлкен шығын бола қояды дегенге сенбеймін», – дейді TP ICAP Group Plc компаниясының энергетика жөніндегі маманы Скотт Шелтон.
Сарапшылардың болжамынша, алдағы айларда нарық ұсыныстың көптігімен бетпе-бет келмек. Ал сұраныстың өсімі әлі тұрақсыз.
ОПЕК+ мұнай өндірісін бұрынғы деңгейде қалдырды
ОПЕК+ картельге мүше елдердің мұнай өндіру деңгейін өзгерту туралы ешқандай мәлімдеме жасаған жоқ. Сәрсенбідегі отырыстың қорытындысы бойынша осындай шешім қабылданды.
Демек, желтоқсан айына дейін өндіріс бұрынғы режимде қалмақ. Ал одан кейін экспорттаушы елдер тәулігіне тағы 180 мың баррель қосуды жоспарлап отыр.
Мұндай шешім тұтынушыларға және орталық банктерге жеңілдік әкеледі. Алайда сарапшылар картельге сенімсіздікпен қарап отыр. Егер мұнай нарығындағы жағдай одан әрі нашарлай берсе, ОПЕК+ жоспарланған жеткізілімдерді арттыруды жалғастырмайды, дейді JPMorgan және Citigroup стратегтері.
Халықаралық энергетикалық агенттіктің бағалауынша, 2025 жылы тұтыну тәулігіне 1 млн баррельден шамалы ғана артуға тиіс. Ал ұсыныс 50%-ға көбеяді. Бұл ОПЕК+ өндірісті қанша жерден шектесе де, артық ұсынысқа алып келеді.
2024 жылдың соңында S&P 500 индексі 6000-нан жоғары болады
Goldman Sachs Group банкінің жаһандық нарықтар жөніндегі басқарушы директоры Скотт Рубнер S&P 500 индексіне қатысты болжамын жариялады. Ол бұған дейін жыл соңында индекстің мәні 6000 пунктке жетеді деп болжаған еді (қазіргі мәні – 5709, яғни 5%-ға өседі). Енді әлгі болжамынан айнып шықты. Ол көрсеткіш белгіленген деңгейден де жоғары боларына сенімді.
«Мен АҚШ акцияларына қатысты оптимистік көзқарасты ұстанамын. Әрі 28 қазаннан кейін өсім басталады деп санаймын. Сондықтан бұған дейінгі болжамымды өзгерттім», – дейді Рубнер.
Ол АҚШ-тағы президенттік сайлаудан кейін инвесторлар қолма-қол ақшасын акцияларға қайта салатынын ескертті. Әдетте, саяси тәуекелдерден кейін капитал қайтадан қор нарығына оралады.
Goldman Sachs Group-тың бас стратегі Дэвид Костин Рубнердің болжамымен келіспейді. Ол S&P 500 индексі жыл соңына қарай 5600 тармаққа тең болады деп санайды.