Миллиардер Баффет Bank of America акцияларынан неге бас тартып жатыр?
Уоррен Баффет иелік ететін Berkshire Hathaway компаниясы осы аптада Bank of America акцияларын сату қарқынын шамалы баяулатты. Дәлірек айтсақ, бір раундтағы сатылымды 750 млн доллардан 338 млн долларға дейін төмендетті.
Еске сала кетейік, әлемге мәшһүр миллиардер шілдеден бастап банктегі үлесін азайта бастады. Қазір компанияның банктегі қалған үлесі 10,2%-ға тең. Бұл дегеніміз – 31 млрд доллар.
Berkshire 2011 жылы Bank of America-ға алғаш рет 5 млрд доллар инвестиция құйған болатын. Яғни, артықшылыққа ие акциялар мен 700 млн жай акцияны сатып алу құқығын иеленді. Дәл осы кезде банк тұрғын үй нарығының құлдырауына байланысты қиын жағдайға тап болып, миллиардтаған шығынға ұшырады. Тиісінше, акциялары да құлдырады. Ал мұндай ұтымды шақты Berkshire сәтті пайдаланып кетті.
Алты жылдан кейін Berkshire артықшылыққа ие акцияларын жай акцияларға ауыстырды. Өйткені Bank of America дивидендтерді арттырған-ды. Berkshire банк акцияларына иелік еткен уақыт ішінде олардың құны бірнеше есе өсті.
2024 жылдың шілдесінен Berkshire BofA акцияларын жүйелі түрде сата бастады. Қыркүйектің ортасына қарай компания өзінің банкке салған инвестициясын толық өтеп үлгерді.
Баффет пен Berkshire позициясын неге қысқартқанын ашып айтқан жоқ. Bank of America-ның бас директоры Брайан Мойнихан да жақ ашпады.
«Біз бұл жөнінде сұрай алмаймыз және сұрамаймыз да», – деді Yahoo Finance-ке берген сұхбатында.
Жыл басынан бері Bank of America акциялары 16,5%-ға өсті. Бірақ негізгі бәсекелестерінен артта қалып отыр. Бұл аралықта Goldman Sachs, Citigroup және JPMorgan Chase акциялары 20%-ға қымбаттады.
MarketWatch мәліметтері бойынша, BofA акцияларын бақылайтын 25 сарапшының 14-і оларды сатып алуды ұсынса, қалғандары ұстауға кеңес береді. Бір акцияның ортақ бағасы – 45,54 доллар. Бұл 16%-дық өсімді білдіреді.