Экология министрлігі Қашаған инвесторларынан 5 млрд доллар экологиялық айыппұлды реттеуге қатысты ұсыныс алмаған

Жарияланды (жаңартылды )
Business News бөлімінің аға тілшісі
Business News бөлімінің редакторы
Қашаған
Экология министрлігі Қашаған кен орны операторынан 2,3 трлн теңге өндіріп алмақ / Фото: ашық дереккөзден

Экология және табиғи ресурстар министрлігі Қашаған кен орнын игеріп жатқан шетелдік инвесторлардан 5 млрд доллар экологиялық айыппұлды реттеуге қатысты ешқандай ұсыныс алмаған. Бұл туралы «Курсивке» Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Жомарт Әлиев айтты.

«Қазір Қашаған консорциумымен соттасып жатырмыз. Іс Жоғарғы Сот қарауында, сондықтан Қоршаған ортаны қорғау министрлігімен келіссөз жүргізіліп жатқан жоқ. Консорциум уәкілетті органдармен қандай да бір келіссөз жүргізіп жатса да, бұл келіссөздерге қатыспадық», – деді ол.

Вице-министр бұған дейін Bloomberg басылымы жазған ұсыныстарды көрмегенін, сондықтан оған ел немесе Қашағанды ​​игеріп жатқан NCOC консорциумының мүддесі тұрғысынан баға беру қиын екенін атап өтті. Әлиев Жоғарғы соттың жақын арада шешім шығарарына сенім білдірді.

«Біз концорциумның 2,3 трлн теңге экологиялық айыппұл төлеуін талап етіп отырмыз. Жоғарғы Соттың бірінші отырысы өтті. Қашаған бұған дейін істі қарауды кейінге қалдыруға өтініш берген. Білуімше, Жоғары сот компания өтінішін қанағаттандырды, алайда шешім жақын арада шығады деген үміттемін», – деді ол.

Бұған дейін Bloomberg басылымы North Caspian Operating Company (NCOC) 5 млрд долларға тең экологиялық айыппұл орнына түрлі әлеуметтік бағдарламар ұсынып жатқанын жазған. Олардың қатарында ішкі нарыққа арзан газ жеткізу, әлеуметтік даму қорын құру бар. Инвесторлар әлеуметтік жобаларға 110 млн доллар инвестиция салуға ниетті. Соның өтеуі ретінде Қазақстан кен орны операторына қарсы түсірген шағымын қайтып алуы керек.

2023 жылы Атырау экологтары Қашаған кен орнының қоймаларында күкірт шамадан тыс сақталып тұрғанын анықтаған. Экологтар NCOC қоршаған ортаны қорғау жоспарын толық орындамай отыр деп айыптады: ағынды сулар тиісті тазартусыз булану тоғанына жіберіліп, шикі газ экологиялық рұқсатсыз жағылып келген.

Содан бері бұл іс сотта бірнеше рет қаралып, Жоғары сотқа жетті. Соңғы рет Астана сотының апелляциялық алқасы экологтардың тексеріс нәтижесін заңды деп тапқан.

Қазақстандағы ірі кен орны – Қашағанды North Caspian Operating Company (NCOC) игеріп жатыр. Консорциум жобаға 60 млрд доллар инвестиция салған. Концоруим акционерлері: KMG Kashagan B.V. (16,877%), Shell Kazakhstan Development B.V. (16,807%), Total EP Kazakhstan (16,807%), AgipCaspian Sea B.V. (16,807%), ExxonMobil Kazakhstan Inc. (16,807%), CNPC Kazakhstan B.V. (8,333%) және Inpex NorthCaspian Sea Ltd. (7,563%).

Сондай-ақ оқыңыз