Алматы қаласының әлеуметтік нысандарына жылу 7-11 қазан күндері беріледі. Биыл жылыту маусымы өз мерізімен бұрын басталады. Бұл туралы Алматы әкімдігі хабарлады.
«Алматыда 7-11 қазан аралығында нысандарды орталық жылу жүйесіне қосу жоспарлануда. Бірінші кезекте, жылу әлеуметтік мекемелерлерге, оның ішінде балабақшаларға, мектептерге және медициналық-әлеуметтік нысандарға берілетін болады. Қазіргі кезде жылыту маусымына дайындық 99%-ды құрайды», – делінген хабарламада.
Әлеуметтік нысандар (балабақша, мектеп, медициналық мекемелер) жылу жүйесіне қосылған соң, тұрғын үйлер, жатақханалар мен қонақ үйлерге жылу беріледі. Одан кейін әкімшілік ғимараттар, оқу орындары, театрлар, басқа ғимараттарда қосылады.
Биыл жылыту маусымына дайындық аясында қаланың алты ауданында 20 км жылу желілері қайта жаңартылып, 69 сорғы станциясы және 24 резервуар-аккумулятор дайындалған.
Алматыда жылыту маусымы әдетте 15 қазаннан басталады. Былтыр жылу 10 қазаннан бастап берілген.
30 қыркүйекте Шығыс Қазақстан, Павлодар, Ақмола облыстары мен Астана қаласында жылу беру маусымы басталса, 1 қазаннан Абай, Ақтөбе және Қарағанды облыстарында жылу берілді.
Энергетика министрлігі биыл қыста қалалар тоңбайды деп сендірді. Вице-министрі Сұңғат Есімханов Екібастұз бен Риддердегі жағдай биыл қайталанбайтынын айтқан.