Тоқаев референдумға бірнеше күн қалғанда АЭС құрылысы жайында пікір білдірді

Жарияланды
General News бөлімінің редакторы
аэс
Тоқаев референдумға бірнеше күн қалғанда АЭС құрылысы жайында пікір білдірді / Коллаж: kursiv.media, бильд-редактор: Аружан Махсотова

Мәслихат депутаттары форумында президент Қасым-Жомарт Тоқаев АЭС құрылысы референдумына қатысты өз пікірін білдірді. Президент бұл Қазақстанның тәуелсіздік жылдарындағы ең маңызды уақиға деп бағалады

«Жалпыұлттық референдумда халқымыз Қазақстанда атом электр станциясын салу қажет пе, әлде қажет емес пе деген мәселені шешеді. Дауыс беру нәтижесі қандай болса да, бұл – айтулы уақиға. Алдағы референдум – Қазақстанда соңғы бес жылда болған ауқымды өзгерістердің тағы бір мысалы, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының жарқын көрінісі», – деді президент. 

Тоқаев өзінің АЭС құрылысы туралы пікірін ашық білдіргенін және бұл бастаманың әлемдегі прогрестен шет қалмау жолы екенін атап өтті. Алайда оның құрылысы тек азаматтар қолдап дауыс берген жағдайда іске асатынын атап өтті.

«Дамуға ұмтылыс – ұлтымыздың ең жақсы қасиеттерінің бірі. Сондықтан біз ешқандай қиындыққа қарамастан, алға қарай батыл қадам басуымыз керек. Тағы да қайталаймын. Алдағы референдум тәуелсіздік жылдарындағы ең маңызды уақиға болады және еліміздің одан әрі дамуына тікелей әсер етеді», – деді Тоқаев.

Президент референдумның демократия көрінісі екенін атап өтіп, оған тұрақты ат салысуға шақырды. Айналасына бей-жай қарамайтын азаматтар ғана демократияны құра алатынын айта кетті.

Еске сала кетейік, 6 қазан күні Қазақстанда АЭС салуға қатысты республикалық референдум өтеді. Тиісті жарлыққа президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2 қыркүйек күні қол қойған болатын. Онда АЭС салу бойынша өтетін референдумға «Сіз Қазақстанда атом электр станциясын салуға келісесіз бе?» деген сауал шығарылатыны айтылған. 

Сондай-ақ оқыңыз