Президент әкімдер жұмысына шүйліккен блогерлерді сынға алды
Мәслихат депутаттарының форумында президент Қасым-Жомарт Тоқаев әкімдердің жұмысына шүйліккен блогерлерді сынға алды.
Тоқаев өз сөзінде қоғамның әкімдерге қоятын талабы жоғары болуы керек екенін, әкімдердің жұмысына сын көзбен қарау демократия көрінісі екенін атап өтті. Дегенмен жөнсіз сынай беру тым артық екенін ескертті.
«Өзін блогер санайтын кейбір адамдар әкімнің әр қадамын аңдуды әдетке айналдырды. Жұмысқа кедергі жасап, тіпті, қоқан-лоқы көрсететіндер бар. Әрбір әкім азаматтармен диалогқа ашық болуы қажет, сындарлы пікір алмаса білуі керек. Бірақ жұртты дүрліктіріп, шу шығарып, заңды бұзуға жол берілмейді. Ешкім заңнан аттамауға тиіс»», – деді президент.
Ол популистердің жеке мүддесі мемлекет мүддесінен жоғары болмайтынын атап өтіп, өзекті мәселелерге, оның ішінде ақпараттық шабуылдарға көңіл бөлу қажеттігін айтты.
Президент елде жасалған саяси реформалардың арқасында әкімдер институтына өзгерістер енгенін айтады.
«Аз уақыттың ішінде ауыл әкімдерінің 90 пайызына жуығы жаңарды. Сондай-ақ аудан және облыстық маңызы бар қала әкімдерін сайлау жүйесін пилоттық жоба ретінде сынап көрдік. Осылайша, басты билік тармақтары түгел сайлау жүйесіне көшті. Мұның бәрі – демократиялық даму жолындағы айрықша маңызды қадамдар», – деп атап өтті мемлекет басшысы.
Айта кетейік, соңғы рет 2023 жылы күзде өткен әкімдер сайлуында 42 аудан, 3 маңызы бар қаланың әкімі сайланған. Оның ішінде 29 әкім орнында қалса, біршамасына әкімнің орынбасарлары әкім болып тағайындалған.