Алматы әкімдігі Жеңістің 80 жылдығына орай ҰОС ардагерлеріне 5 млн теңгеден беруі мүмкін
Алматы қаласының әкімдігі Жеңістің 80 жылдығына орай Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне 5 млн теңгеден беруі мүмкін. Бұл туралы қалалық Ардагерлер кеңесімен кездесу кезінде қала әкімі Ерболат Досаев айтты.
Досаев Ардагерлер кеңесімен Ұлы Жеңістің 80 жылдығына дайындық мәселелерін талқылады. Кездесу кезінде ҰОС ардагерлеріне біржолғы төлем 2 млн теңгеден 5 млн теңгеге дейін, ал тыл еңбеккерлеріне 50 мың теңгеден 100 мың теңгеге дейін арттыру мәселесі сөз болды.
«ҰОС ардагерлеріне біржолғы төлемдерді 5 млн теңгеге дейін арттыруға мүмкіндігіміз бар, тыл еңбеккерлеріне төлемді 100 мың теңгеге дейін жеткіземіз, яғни екі есеге арттырамыз. Сіздің өтінішіңіз негізінде келесі жылға арналған бюджетті қалыптастыру кезінде мәслихатқа осындай ұсыныс енгіземіз», – деді Досаев.
Айта кетейік, қазір Алматыда 39 соғыс ардагері бар. Олардың 8-і соғыс кезінде жарақаттанып мүгедектік алған.
2024 жылы мамырда да Қазақстанның барлық өңірі мен Астана, Алматы және Шымкент қалаларында ардагерлерге төлем жасалған. Аталған мақсаттарға жергілікті бюджеттерден барлығы ҰОС ардагерлеріне 187 млн теңге бөлінген еді.