Жаңалықтар

ОПЕК The Wall Street Journal-дың Сауд Арабиясы мұнай бағасын төмендететіні туралы болжамын жоққа шығарды

Бұған дейін басылым мұнай бағасы барреліне 50 долларға дейін құлдырауы мүмкін деп хабарлаған / коллаж: kursiv.media, бильд-редактор: Ахтам Зиперов

The Wall Street Journal «ОПЕК+ елдері мұнай өндіру бойынша келісімді сақтамаса, Сауд Арабиясы «қара алтын» бағасын барреліне 50 долларға дейін құлдыратуы мүмкін» деген мақала жариялаған. ОПЕК бұл ақпаратты жоққа шығарды.

Мақала авторлары Сауд Арабиясының өкілдері бұл ақпаратты бейне-конференция кезінде айтқанын жазған. ОПЕК мұндай конференц-байланыс мүлде өткізілмегенін мәлімдеді.

«Мақалада Сауд Арабиясының Энергетика министрімен конференц-байланыс өткізілгені туралы жазылған. Оның барысында Сауд Арабиясының Энергетика министрі ОПЕК+ мүшелеріне келісілген өндірісті қысқарту талаптарын орындамаған жағдайда баға барреліне 50 долларға дейін төмендеуі мүмкін екенін ескерткен. Алайда мұндай конференц-байланыс өткізілмегенін хабарлаймыз», – деп жазылған хабарламада.

ОПЕК хатшылығының хабарлауынша, бұл ақпарат шындыққа жанаспайды. Сонымен қатар 5 қыркүйекте өткен ОПЕК+ отырысынан кейін де, конференц-байланыс өткізілген жоқ.

Еске сала кетсек, 2 қазан Иран мен Израиль арасындағы кикілжің өрши түсіп, Тегеран Ирусалимді зымыранмен атқылады. Нәтижесінде соңғы айларда тұрақты құлдырап келген мұнай бағасы бірден 5%-ға қымбаттады.

Батыс елдері бұл қақтығыс Иранмен шектесетін Ормуз бұғазы арқылы өтетін Парсы шығанағынан мұнай экспортын шектеп, бағаның өсуіне алып келеді деп қорқады.

Дегенмен бірнеше ай бойы жалғасып келе жатқан геосаяси шиеленіс осыған дейін мұнай бағасына айтарлықтай әсер етпеген еді.

Қыркүйек айында Ирак, Қазақстан, Ресей ОПЕК+ бойынша өз міндеттемелерін орындаған.