Жаңалықтар

Сауд Арабиясы «қара алтын» бағасын барреліне 50 долларға дейін құлдыратуы мүмкін – The Wall Streer Journal

Мұнай бағасы қалай құбылады? / Архив: kursiv.media

ОПЕК+ елдері мұнай өндіру бойынша келісімді сақтамаса Сауд Арабиясы «қара алтын» бағасын барреліне 50 долларға дейін құлдыратуы мүмкін, деп хабарлады The Wall Streer Journal басылымы.

«Егер басқа елдер ОПЕК+ келісімдерін ұстанбаса Сауд Арабиясы нарықтағы үлесін сақтау үшін баға соғысын бастауға дайын», – деп жазды басылым.

Құрамына Мұнай экспорттаушы елдер ұйымы (ОПЕК) және олардың одақтастары кіретін альянстың негізгі мүшелері желтоқсан айында өндіріс шектеулерін жеңілдету мүмкіндігін талқылауды жоспарлап отыр.

Еске сала кетсек, 2 қазан Иран мен Израиль арасындағы кикілжің өрши түсті. Салдарынан бірнеше апта бойы тұрақты құлдырап келген мұнай бағасы бірден 5% қымбаттады.

Батыс елдері бұл қақтығыс Иранмен шектесетін Ормуз бұғазы арқылы өтетін Парсы шығанағынан мұнай экспортын шектеп, бағаның өсуіне алып келеді деп қорқады.

Дегенмен, бірнеше ай бойы жалғастып келе жатқан геосаяси шиеленіс осыған дейін мұнай бағасына айтарлықтай әсер етпеген еді.

Қыркүйек айында Ирак, Қазақстан, Ресей ОПЕК+ бойынша өз міндеттемелерін орындаған.