Жаңалықтар

Қазақстанда заңсыз активтерді қайтарумен айналысатын мамандарды дайындау бойынша арнайы стандарт енгізіледі

Қаржы мониторингін дамыту тұжырымдамасына өзгерістер енгізілмек / Архив: kursiv.media

ҚР Қаржылық мониторинг агенттігі «2022-2026 жылдарға арналған Қаржы мониторингін дамыту тұжырымдамасын бекіту туралы» жарлыққа өзгерістер мен толықтырулар енгізбек. Тиісті құжат жобасы «Ашық НҚА» порталында жарияланды.

Бұл жолы агенттік «Қаржы мониторингі бойынша маман» кәсіби стандартын енгізуді жоспарлап отыр.

«Бұл жүйеге қатысушыларды сертификаттау үшін дайындық курстарынан өтуін ұйымдастыру жоспарланған. Мысалы АCAMS (жылыстауға қарсы сертификатталған маман), СFCS (қаржылық қылмыс бойынша сертификатталған маман)», – деп жазылған құжатта.

Бірқатар мақсатты индикаторлар да өзгерді, бірақ олардың негізгілерінің бірі – кіріс және шығыс бойынша заңсыз қаржы ағындарының жалпы сомасы белгіленген жоқ. Бұл мәселе кейінге қалдырылды.

«Заңсыз қаржылық ағындарды өлшеудің сенімді, халықаралық деңгейде келісілген әдістемесі жоқ», – деп түсіндірді мұны ҚМА.

Өзгерістер аясында қаржылық қауіпсіздік мәселелері бойынша ашық дәрістер өткізілген жоғары оқу орындарының үлесі 2023 жылы – 25%, 2024 жылы – 50% болса, 2025 жылы – 60%, 2026 жылы – 70%-ға жеткізілмек.

Нормативтік құқықтық актінің жобасына 1 181 910 теңге көлемінде қаржылық шығын қарастырылған.

Еске сала кетсек, 2022 жылғы 6 қазанда Президент қаржылық мониторингті дамытудың 2022-2026 жылдарға арналған тұжырымдамасын бекітті. Құжаттың негізгі мақсаты – азаматтар мен қаржылық мониторинг субъектілері арасында кірістерді жылыстатуға және терроризмді қаржыландыруға қарсы жұмыс істеу.