Ұлттық Банк сарапшылар арасында жүргізілген кезекті макроэкономикалық сауалнаманың нәтижесін көпшілік назарына ұсынды.
Болжамға сүйенсек, қыркүйекте мұнай бағасы бойынша болжамдар қайта қаралды. Мамандар пайымынша, шикізат құны өспейді. Осылайша, Brent маркалы мұнай бағасы бойынша респонденттердің 2024 жылға болжамы барреліне – 83,5-тен 80 долларға дейін, 2025-2026 жылдарға – 80-нен 75 долларға дейін төмендеді.
2024 және 2025 жылдарға арналған Қазақстан экономикасының өсіміне қатысты болжамдар 4% және 5% деңгейінде сақталып отыр. Алайда 2026 жылға болжам 4,4%-дан 4,5%-ға дейін аздап өскен.
Сарапшылар 2024 жылға арналған инфляцияға қатысты болжамдарын 8%-дан 8,4%-ға дейін қайта қарады. 2025 жылға – 6,9%-дан 6,7%-ға дейін керісінше төмендетті. 2026 жылы инфляция бұрынғыдай 6% деңгейінде болады деп болжанған.
Сарапшылар базалық мөлшерлеме бұрын күтілгеннен сәл ұзағырақ жоғары деңгейде сақталады деп есептейді. Осылайша, 2024 жылға болдам орта есеппен 14,5%-дан 14,6%-ға дейін, 2025 жылға – 11,9%-дан 12%-ға дейін, 2026 жылға – 10%-дан 10,1%-ға дейін өсті.
Еске сала кетсек, Қазақстанда жылдық инфляция деңгейі 3 ай қатарынан төмендеп келеді. Қыркүйек айында инфляция 0,1 пайыздық тармаққа төмендеп, 8,3%-ға дейін баяулады.