Қазақстанда битум өндірісінің көлемі 1,2 млн тоннаға дейін артады – Энергетика министрлігі

Жарияланды (жаңартылды )
битум өндірісі
Қазақстанда битум өндірісі осы жылдың 9 айында 700 мың тоннадан асқан / Фото: kursiv.media

Қазақстанда битум өндірісі 1,2 млн тоннаға дейін артады. Бұл жайлы Энергетика министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

«Экономикалық өсім жоспарына сәйкес, 4 өндіруші зауыт 2023 жылы 0,85 млн тоннадан 2024 жылы 1-1,2 млн тоннаға дейін битум өндірісін арттыруға дайын екенін растады»,- делінген баспасөз хабарламасында.

Осы жылдың басынан бері битум өндірісінің көлемі 712 мың тоннаға жеткен. Бұл көлемнің 222 мың тоннасын – «CaspiBitum» ЖШС, 277 мың тоннасын – «ПНХЗ» ЖШС, 155 мың тоннасын – «QazaqBitum» ЖШС, 57 мың тоннасын «Асфальтобетон» ЖШС өндірген.

Жалпы өндіріс және жөнелту көлеміне жол құрылысы компанияларының өтінімдері мен өнімнің теміржол вагондары арқылы жеткізілуі де әсер етеді.

Министрлік мәліметінше, елде битум тұтыну көлемі шамамен 1 млн тоннаны құрайды. Егер Қазақстанда битум жетіспей қалатын жағдай туындаса, оны Ресейден импорттау көзделіп отыр. Солайша елдегі құрылыс саласы жыл сайын 1,7 млн тоннаға дейін битуммен қамтамасыз етіледі.

Еске сала кетсек, көктемде Энергетика министрлігі 2025 жылы Caspi Bitum зауытының өндірістік қуатын жылына 1,5 млн тоннаға дейін арттыруға арналған жоба іске қосылатынын хабарлаған болатын. Онда «Қаражанбас» кен орнынан шығатын мұнай көлемін жылына 1 млн тоннадан 1,5 миллион тоннаға дейін қайта өңдеп, нәтижесінде битум өндірісі 500 мың тоннадан 750 мың тоннаға дейін артуы мүмкін.

«Caspi Bitum» ЖШС Орталық Азиядағы жол құрылысына қажетті битумның негізгі өндірушісі болып саналады. Бұл зауыттың құрылысы 2010-2013 жылдары аралығында жүргізілген болатын. Бұл кәсіпорын 2013 жылдың 12 желтоқсанында пайдалануға берілген.

Сондай-ақ оқыңыз