Ресей Қазақстанның кейбір ауылшаруашылық өнімдерін импорттаудан бас тартты: АШМ себептерін анықтап жатыр

Жарияланды
фитосанитариялық сертификат
Ресей фитосанитариялық сертификат беруді тоқтатты /коллаж: kursiv.media, бильд-редактор: Денис Андреев

Ресей тарапының Қазақстаннан тасымалданатын өнімдерге фитосанитариялық сертификат беруді тоқтатуына байланысты Ауыл шарушылығы министрлігі «Россельхознадзорға» сұрау жіберген. Бұл жайлы Сенат отырысынан кейін өткен брифинг барысында Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ермек Кенжеханұлы айтты.

Министрлік «Россельхознадзорға» жіберген хатында, Қазақстаннан экспортталатын өнімдерден қандай фитосанитариялық бұзушылықтар анықталғанын нақтылауды сұраған.

«Расымен, қыркүйек айының ортасында «Россельхознадзордан» мұндай хабарлама келді. Онда көрші елдің құзырлы органы түрлі қауіпті дерттің анықталуына байланысты фитосанитарлық сертификаттар беруді тоқтататыны туралы хабарлаған. Олардың ішінде дәнді дақылдар мен көкөніс түрлері бар. Бұл хабарламаға жауап ретінде біз анықталған бұзушылықтар туралы нақты фактілер келтіруді сұрап, хат жолдадық»,- деді министрлік өкілі.

Айтуынша, министрлікке көрші елдің ведомствосы бұл өнімдерден нақты қандай қауіпті бактариялар немесе ауры түрлері анықталғанын хабарламаған.

«Біз бұл фактілердің шын мәнінде болғанына көз жеткізуіміз керек. Осығаған орай анықталған зертханалық зерттеулер мен оның нәтижелері бойынша тиісті есептерді сұраттық»,- дейді вице-министр.

Министрлік өкілінің айтуынша, Қазақстан тарапынан шетелге экспортталатын барлық өнімге тиісті зерттеулер жүргізілген. Талдау нәтижесінде ешқандай кемшілік анықталмаған. Сонымен бірге, вице-министр елдегі зертханалардың халықаралық стандарттарға сай екенін, онда үнемі қажетті тексері жұмыстары жүргізіліп отыратынын мәлімдеді.

«Экспорттау кезінде біздің тарапымыздан ешқандай бұзушылықтар анықталған жоқ»,- деді ол.

Осы орайда, журналист бұл кедергілерге Қазақстанның бидай импортына тыйым салуы қаншалықты әсер еткенін сұрады. «Екі ел арасында қандай да бір келіспеушілік туындап отырған жоқ па?»- деп нақтылады БАҚ өкілі.

«Біз бұл жағдайдың ол тыйыммен еш байланысы жоқ деп есептейміз. Айтып отырмын ғой, оны түсіну үшін Ресей тарапынан тиісті жауап келуі қажет»,- деді Кенжеханұлы.

Еске сала кетсек, «Россельхознадзор» АШМ-ге Қазақстаннан жеткізілетін астық, қызанақ, бұрыш және күнбағыс тұқымдарына фитосанитарлық сертификат беруді тоқтататыны туралы мәлімдеді.

Ал мұның алдында үкімет Ресейден келетін астық көлемінің елдің ішкі және сыртқы нарығына қысым көрсете бастауына байланысты бидай импортына тыйым салған болатын.  Бұл тыйымнан кейін Қазақстанның астық экспорттаушылары Ресей тарапынан өздеріне қысым көрсетіле бастағанын мәлімдеді. Астық одағының басшысы Нұрлан Оспановтың айтуынша, Ресей аумағы арқылы Еуропаға бидай тасымалдайтын кәсіпкерлер шығынға батып жатыр. Экспорттаушылар «Россельхознадзор» талаптарына байланысты, шекарадан өте алмай, станцияларда қаңтарылып тұрған вагондар үшін үлкен көлемде айыппұл төлеп, тапсырыс берушілерге уақтылы өнімді жеткізе алмағаны үшін шығынға батып жатқанын айтқан.

Сондай-ақ оқыңыз