Жаңалықтар

Алматы прокурорлары 67 адамды суицидке итермелеген Telegram арнаны анықтады

суицидке итермелейтін
Бас прокуратура адамдарды суицидке итермелеген Телеграм арнаны бұғаттады / Фото: Shutterstock; бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Алматы қаласының прокурорлар суицидке итермелейтін сайтты анықтап, оны бұғаттау шараларын қабылдаған. Бұл жайлы прокуратураның баспасөз қызметі хабарлады.

«Бас Прокурордың тапсырмасын орындау мақсатында Алматы қаласының прокурорлары күйзелістік контенті бар Telegram-арнасын бұғаттау шараларын қабылдады»,- делінген хабарламада.

Баспасөз қызметінің хабарлауынша, Telegram арнасына тіркелген 67 оқырманға, канал әкімшілігінен суицидке қатысты тапсырмалар берілген.

2024 жылдың 23 қыркүйегінде сот Алматы қаласы, Алмалы ауданы прокурорының талабын қанағаттандырып, деструктивті чатқа тыйым салу туралы шешім шығарған. Сот үкімі шыққан соң, бұл зиянды арна жайлы ақпарат Мәдениет және ақпарат министрлігіне жіберілген. Аталмыш министрлік телеграм каналды өз құзыреттілігі шеңберінде бұғаттауы керек.

Осы орайда прокуратура ата-аналарға балалардың интернеттегі қауіпсіздігін сақтау үшін, қадағалау шараларын жүргізу қажет екенін ескертеді. Ал күдікті контент анықталған жағдайда дереу құқық қорғау органдарына жүгіну ұсынылады.

Айта кетсек, 1 қазан күні Бас прокурор Берік Асылов өзінің Х парақшасында прокуратураның араласуымен суицидке итермелейтін 15 мың сайт пен сілтеменің көзі жойылғанын хабарлады. Сонымен бірге Бас прокурор қиын тұрмыстық жағдайға тап болған отбасыларды бақылауға алып, арнайы жұмыс жүргізіп жатқанын айтқан. Айтуынша, бұл шараға басқа да мемлекеттік органдар жұмылдырылған.

Ал Ішкі істер министрлігінің өкілі Шыңғыс Әлекешов 43 суицидке жетелейтін интернет ресурс анықталғанын мәлімдеді. Министрлік өкілі қауіпті ойындарға қатысты пікір білдіріп, онда өзін-өзі өлтіру элементтері кездеспейтінін айтты. Бірақ ол жерде балалардың психикасына теріс ықпал ететін қашу, бағынбау сияқты әрекеттердің насихатталатынын айтты. Ішкі істер министрлігі де ата-аналарға баланың онлайн өмірін жіті қадағалап, қауіптен сақтануды естен шығармауды ескертті.