Тоқаев мәслихаттарға үлкен жауапкершілік жүктеді
Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздегі мәслихаттардың рөліне ерекше тоқталды. Сонымен қатар, жергілікті экономикалық саясатқа ықпалын арттыру арқылы мәслихат депутаттарына үлкен міндет жүктеп отыр. Президент жаңа әзірленіп жатқан Бюджет және Салық кодекстері жобаларын талқылауға мәслихаттарды белсене қатысуға шақырды.
«Жергілікті бюджет қаржысының дұрыс әрі тиімді бөлінуі өте маңызды. Депутаттар бұл мәселеге зор жауапкершілікпен қарауға тиіс», – деді Мемлекет басшысы.
Президент мәслихаттар жария саясаткерлердің мектебі болады деп үміт артып отыр. Ол үшін мәслихат депутаттарының біліктілігін арттыру аса маңызды.
«Мәслихаттар – жергілікті өзін-өзі басқару жүйесіндегі негізгі институт. Сондықтан оның тиімділігі депутаттардың кәсібилігіне тікелей байланысты», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президенттің сөзіне қарағанда, депутаттардың іріктеудегі жауапкершілік оларды ұсынған партиялардың мойынында. Тоқаевтың пікірінше, депутаттардың халықпен қоян-қолтық араласып жұмыс істеуінде кемшілік бар. Халыққа берген есебі қағаз жүзінде ғана өтеді.
Әрмен қарай, Президент елдегі саяси реформалар жасалғанына, соның арқасында мәслихаттардың құзыреті кеңейе түскеніне тоқталды.
«Облыстық мәслихат сайлауы аралас жүйе арқылы өтеді. Ал аудандық депутаттар тек қана мажоритарлық тәсілмен сайланады. Бұл қадам еліміздің демократиялық жолмен дамуына зор серпін береді», – деді Президент.
Президенттің айтуынша, Қазақстанда 3300-ден аса мәслихат депутаты бар. Өңір халқының тіршілігі, мәселелері ұдайы мәслихат депутаттарының назарынан шықпауы керек.