Жаңалықтар

Өңірлердегі бюджет қаражатына салынатын құрылыс сметасы алғашқы бағасынан 3,6 млрд теңгеге қымбаттаған – Үкімет шара қолданбақ

Мемлекеттік сатып алу кезінде бюджеттік инвестициялық жобаларды қаржыланыруға қатысты талаптар күшейтіледі/фото: Shutterstock

Өңірлердегі өте маңызды инвестициялық жобалар сметасының қымбаттауын републикалық бюджетпен жаппақ. Премьер-министр Олжас Бектенов бюджеттік инвестициялық жобалардың сметалық құнының қымбаттауына байланысты Сенат депутаттарының сауалына осылай жауап берді. Оның айтуынша, үкімет бұл мәселеге қатысты бюджет кодексі жобасында бірқатар шара қолданылмақ.

Атап айтқанда, бұдан былай өткен қаржы жылында басталған мемлекеттік инвестициялық жобалар, жалпы ел үшін маңызы бар аса қажетті нысандар, техникалық-экономикалық негіздерді қолдана отырып, жүзеге асырылып жатқан жаңа құрылыс нысандары, мемлекеттік банктен типтік жобалары және жоба-сметалық құжаттары бар құрылыс жобалары енді басымдыққа ие болады.  

Сонымен қатар, мемлекеттік сатып алу кезінде бюджеттік инвестициялық жобаларды қаржыланыруға қатысты талаптар күшейтіледі.  Яғни, мемлекеттік сатып алуды қаржыландыру көлемі бекітілген ЖСҚ-да көрсетілген қаржыландыру көлеміне сәйкес келуі керек. Сонымен қатар тағы қосымша талаптар енгізіліп отыр. Енді алғашқы жүзуге асыру жылында бюджет жобасына қосылған бюджеттік инвестицияларды қаржыландыру көлемі құжатта көрсетілген құнның үштен бірінен төмен болмауы қажет.

Үкімет сараптама жүргізіп, қымбаттаудың себептерін, жобалардың неге бітпегенін, оның мақсатқа сай екенін және өзектілігін анықтамақ. Сондай-ақ, сақалды құрылыстарды жою бойынша ұсыныстармен жұмыс жүргізуге уәде берді.

Бектеновтің мәлімдеуінше, 2026 жылға қарай барлық мақсатты трансферттер әкімдіктердің дербестігін артыра отырып, жергілікті бюджет шығындарына берілмек.

«Республикалық деңгейде енді аса маңызды әрі жалпы елдік маңызы бар жобаларды ғана қаржыландыру жоспарланатын болады. Бұл жобалар қымбаттаса, оны республикалық бюджетке бекітіледі», – деді Бектенов.

Үкіметтің мәліметі бойынша, 2018-2022 жылдар аралығында мұндай 25 жоба анықталып отыр. Оларды құны 3 692 000 000 теңгеге қымбаттаған. Олардың ішінде құны қымбат төрт жоба ерекше көзге түсіп отыр. Мәселен, Алматы метросының алғашқы линиясы 20,5 млрдқа шығып отыр. Ал Астанадағы ЖЭС-3 жобасы 35,2 млрд-қа қымбаттаған.

Мұның алдында Сенат депутаттары Әлібек Наутиев пен Сағындық Лұқпанов үкіметке сауал жолдап, бірқатар бюджеттік инвестициялық жобалардың сметалық құны қымбаттап жатқанын жеткізген еді. Олардың түсіндіруінше, бұған құрылыс материалдарының, қызмет түрлерінің қымбаттауы, сондай-ақ кейбір қызмет түрлерінің қолданыстағы жұмыс жобаларына кірмеу қалуы түрткі болып отыр.

Сенаторлар Атырау облысынан бірнеше мысал келтіріп, мұндай жағдайлар барлық облыста кездесетіні жайында айтқан. 148 бюджеттік инвестициялық жобалардың сметалық құны 266 583,5 млн теңге деп көрсетілген. Алайда қымбаттаудың кесірінен қазіргі бағасы 409 277,9 млн теңге болып отыр. Түзету енгізілген соң, жергілікті бюджеттен тағы 59 393,8 млн теңге бөлінген.    

Сенаторлар бұл шығындар жергілікті бюджет үшін тым ауыр жүк екенін алға тартып, айырмашылықты республикалық бюджеттен қаржыландыруды сұраған еді.