Германияда қайтыс болған экс-судья Айгүл Сайлыбаеваның күйеуі қызының Ресей азаматтығын алғанын айтты
Қазақстанда судья қызметін атқарған Айгүл Сайлыбаеваның күйеуі туған жері – Ресейде түпкілікті тұруға бекінген. Ол қызымен бірге келгенін, екі аптада Жаклиннің Ресей азаматтығын алып үлгергенін хабарлады. Бұл жөнінде ресейлік телеарна хабар таратты.
«Мен Германияға көшіп келуді ешқашан ойлаған емеспін. Мен әрқашан Мәскеуге оралып, Ресейде өмір сүргім келді. Отбасымызды қолдаудың соңғы үміті осы болды», – деді Александр Донцов сұхбатында.
Маусым айында Астана қаласы Сарыарқа ауданының бұрынғы судьясы Айгүл Сайлыбаеваның Германияда жоғалып кеткені белгілі болды. Содан оның Қазақстандағы туыстары виза алып беру жөнінде Қазақстанның Сыртқы істер министрлігінен көмек сұраған.
Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі Германияның Сыртқы істер министрлігіне қолдау көрсетуді сұрап, үш рет ресми өтініш жолдаған. Алайда неміс билігінен жауап болмаған.
Министрлік ақыры құжатты рәсімдеп, із-түссіз жоғалған қазақстандық Айгүл Сайлыбаеваны іздеу үшін туыстары Германияға аттанған.
Дармштадт прокуратурасы мен Оңтүстік Гессен полициясы Бенсхайм қаласы маңындағы Эрлах карьерінен адам мүрдесі табылғанын мәлімдеді. Баспасөз мәлімдемесінде 40 жастағы әйел А. Сайлыбаеваның мәйіті деп көрсетілген. «Эрлах» кісі өлімі» бойынша тергеу ісіне 35-тен астам қызметкер жұмылдырылды.
Одан кейін криминалистер жүргізген сот-медициналық сараптама нәтижесі жарияланды. Марқұмның қолы, мойны және беті пышақпен тілінген. Күдікті табылмаған.
Неміс полициясы 4 маусым күні таңертең Сайлыбаеваның екі жасар қызы Жаклинді балабақшаға алып барғанын айтқан. Содан бері оны ешкім көрмеген. Арада 12 күн өткенде оның денесі қаланың шетінен пластикалық қапшыққа салынған күйі табылды.
Сайлыбаевамен бір мезгілде оның Ресейден келген 49 жастағы енесі Наталья Донцова жоғалып кеткен. 4 маусымда ол немересін балабақшадан алып, үйіне алып келген. Содан бері одан да еш хабар жоқ.