Ұлыбритания мен ЕуроОдақ ынтымақтаса жұмыс істеуге келісті. Әрине, Лондон шекараны ашып, ортақ нарыққа қайта оралуға дайын емес. Бірақ энергетикалық қауіпсіздік және заңсыз көші-қон мәселелері бойынша ЕО-мен ынтымақтастыққа үміт артып отыр.
2 қазанда Британ премьер-министрі Кейр Стармер Брюссельде Еуропалық комиссия төрағасы Урсула фон дер Лейенмен кездесті. Страмер Еуропалық Одақпен қарым-қатынастың «жаңа сөресі» туралы хабарлады. Оның айтуынша, британ жұртшылығы жақын көршілерімен тең дәрежеде қарым-қатынасты нығайтқысы келеді.
Лондон мен Брюссель мына үш бағыт бойынша жұмыс істегісі келеді:
- Экономикалық өсім;
- Энергетикалық қауіпсіздік;
- Заңсыз миграция.
Тараптар «жоғары қарқынмен ынтымақтастықты нығайтудың күн тәртібін» жандандыруға уәде берді. Өзара қарым-қатынасты қалпына келтіруге арналған саммит келесі жылдың басында өтуге тиіс.
2020 жылдың 1 ақпаны сағат 00.00-де Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия Біріккен Корольдігі Еуропалық Одақтан ресми түрде шықты. ЕО-дан шығу туралы шешім «Brexit» деп аталды.