Жиһаз өнеркәсібінің негізгі капиталына алдағы жылдары 8 млрд теңгеге жуық инвестиция тартылмақ. «QazIndustry» Қазақстандық индустрия және экспорт орталығының жобаларды іске асыруға мониторинг жүргізу және талдау дирекциясы кейбір жобаларды Қытай қаржыландыратынын хабарлады.
«Қазіргі таңда еліміздің жиһаз өнеркәсібінің инвестициялық портфелі құны 17 млрд теңгеден асатын 9 жобаны қамтиды. Оларды іске асыру арқылы шамамен 1000-ға жуық жұмыс орны ашылмақ», – деп мәлімдеді аталған орталық.
Биыл Түркістан облысында 4 жоба іске қосылды. Жалпы өндіріске 9,2 млрд теңге жұмсалды. Өнімдердің негізгі бөлігі ел аумағына таралады.
2024 жылдың соңына дейін Павлодар облысында бір жоба іске қосылады. Жоба құны – 388 млн теңге. Өндіріс орны кеңсе және мектеп жиһаздарын шығарады.
Шымкент қаласында құны 800 млн теңгені құрайтын 3 жоба бар. Соның негізінде жиһаз, медициналық жиһаз және металл шкафтар өндірісі қолға алынады. Жаңа кәсіпорындар өнімінің 9 %-ға жуығын жақын және алыс шетелдерге экспорттайды.
Абай облысында жалпы құны 7,5 млрд теңгеге корпустық кеңсе жиһазын шығаратын кәсіпорын салынбақ. Жоба нәтижесінде 530 жаңа жұмыс орны ашылады. Жобаның негізгі инвесторы – Қытай Халық Республикасы.
2024 жылдың қаңтар-наурыз айларында жиһаз өнеркәсібі саласына 1 173,4 млн теңге инвестиция тартылды. Инвестиция көлемі жөнінен сол кезде Түркістан облысы алға шықты.