Израиль әскері Газа секторында Хамас үкіметі басшысының қаза тапқанын хабарлады

Жарияланды
General News бөлімінің аға тілшісі
ХАМАС қозғалысының қазіргі жетекшісі Яхья Синвар. Муштаха оның ең жақын серіктерінің бірі / Фото: pixabay.com

Израиль қорғаныс күштері (ЦАХАЛ) Газа секторындағы Хамас басшысының қаза тапқанын хабарлады. Израиль әскерінің ресми Telegram арнасында жарияланған ақпаратқа сүйенсек, Хамас тобын басқарған Раухи Муштаха мен қозғалыстың тағы екі мүшесі көз жұмған.  

ЦАХАЛ мәліметінше, олар шамамен үш ай бұрын өлтірілген. Газа секторындағы Хамас үкіметінің басшысынан басқа, қозғалыстың саяси бюросындағы қауіпсіздік министрі Самех әл-Саррадж және Хамас қолбасшысы Сами Одехтің де өмірі қиылған.

«Израиль әскери-әуе күштерінің жауынгерлері Газа секторының солтүстігіндегі бекіністі және жабдықталған жерасты кешенінде жасырынған террористерді соққыға жығып, жойды. Кешен «Хамас үшін  командалық-бақылау орталығы ретінде қызмет атқарды», – делінген Израиль армиясының хабарламасында.

Палестина қозғалысы олардың өлімі туралы хабарламды.

Айта кетейік, Раухи Муштаха стратегиялық шешімдер қабылдауда негізі рөл атқаратын Хамастың жетекші тұлғаларының бірі саналды. Ол Газа секторындағы азаматтық істерді басқаруға да қатысқан.

Газа секторындағы қақтығыстар Хамастың Израильдің оңтүстігіне жасаған шабуылынан кейін 2023 жылдың 7 қазанынан бері жалғасуда. Одан кейін 1200-ге жуық адам қаза тапты, 200-ден астамы содырлардың тұтқынына алынды. ЦАХАЛ жауап ретінде «Темір қылыш» операциясын бастады.

Израильде мыңдаған азамат Тель-Авив пен елдің басқа қалаларында митиңге шығып, биліктің Газадағы әрекетіне қарсылықтарын білдіріп жатыр. Ереуілге шыққан халық 2023 жылдың қазанында кепілге алынған адамдарды қайтаруды, ол үшін ХАМАС-пен келісімге келуді талап еткен.

Еске сала кетсек, Израиль билігі мен ХАМАС атысты тоқтату туралы бір келісімге келе алмай отыр. 19 тамызда бұл мәселені реттеу үшін АҚШ мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен аймаққа келіп, келіссөздер жүргізді. Ол Израильдің атысты тоқтатуға келіскенін, енді ХАМАС тобын да сондай шешім қабылдауға шақырған болатын. Алайда ХАМАС Израиль қойған талаптарға келіспейтінін жеткізді. 

Сондай-ақ оқыңыз