Жаңалықтар

Қазақстанда ауру мал өлексесі көмілген аумақтарда үй салатындар көбейген. АШМ рұқсат берген әкімдіктерге шүйлікті

Мал өлексесі көмілген қорым аумағынан құрылыс жүргізуге әкімдіктер рұқсат берген / Коллаж: kursiv.media, бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Қазақстанда мал өлексесі көмілген радиустарда үй немесе әлеуметтік нысандар салынған фактілер көп кездеседі. Қауіпті аймаққа жататын жерлерде құрылыс жұмысын жүргізуге әкімдіктердің рұқсат беріп қоюы, мәселені ушықтырып отыр.  Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ермек Кенжеханұлы елімізде осындай фактілер кездесетінін жасырмады.

Сенат кулуарында БАҚ өкілі вице-министрден мал өлекселері көмілген қорым аумақтарына үй салу қалыпты жағдайға айналып кеткенін айтып, мәселе көтерді.  

«Мал өсексесі көмілген радиустарда, үйлер салынып кеткен жерлер бар. Ондай Қазақстанда көп, мал өлексесі көміледі, кейін ол жерлерге үй салуға әкімдік рұқсат беріп қояды. Негізінен ондай жерлер қауіпті аймаққа жатады. Бұл мәселені АШМ қалай реттеп жатыр, олар қаншалықты халықтың денсаулығына әсерін тигізеді? Астана іргесіндегі Қосшы қаласында да, мал өлексесі көмілген жерлерге үйлер салынып кеткені туралы әңгімелер бар. Сіздер бұл мәселені қалай талдап отырсыздар? Қанша елді мекенде осындай өлексе көмілген маңайға үй салынып кеткен?», – деп сауал жолдады БАҚ өкілі вице-министрден.

Министр орынбасары осындай мәселенің барын және бұл іске әкімдіктердің қатысы барын жасармады. Алайда статистикалық мәлімет келтіре алмады.

«Нақты қанша өлексе, қанша қауіп төндіргені жайлы санды қазір  айта алмаймын. Жалпы мал өлекселері көмілген орындар сақтау аймағына жатады. Өзінің белбеуі бар. Сол белбеудің аясында тиісті құрылыс нысандарын, басқа да әлеуметтік нысандарды салуға рұқсат етілмеген. Ережеде, заңнамада оның барлығы көрсетілген. Бұл жерде нақты есептеп қараған кезде, ондай мәселелер әрине елді-мекендерде бар. Жерге рұқсат беру кезінде сондай кемшіліктер  орын алған болатын. Десе де, зерттеу жұмыстары министрлік тарапынан жасалды»,- деді Ермек Кенжеханұлы.

Вице-министр бұл мәселеге құзырлы органдар араласқанын айтады. Олардың тарапынан тексерістер болған.

БАҚ өкілі рұқсат берген әкімдерді жауапқа тарту жөнінде құзырлы органдарға қанша ұсыным берілгені туралы да сұрады.

«Бірінші әр өңірде ветеренариялық инспекциялар бар.   Денсаулық министрлігіне қарасты санитарлық эпидемиологиялық станция бар. Сол екі ұйым бірлесіп  осы бағытта жұмыс жасайды»,- деді вице-министр Сенат кулуарында.

Алматы облысы Үлкен Ақсу ауылында сібір күйдіргісін жұқтырғандар саны оннан асты. үдіктенген 16 адамның арасында 11 науқастың «сібір күйдіргісін» жұқтырғаны нақтыланды. Тағы төрт адамнан диагноз расталмаған, бір науқастың сынамалары тексеріліп жатыр.