Lifestyle

Hyundai Үндістандағы бөлімшесін биржаға шығаруды жоспарлап отыр

Фото: kursiv.media архивінен

Оңтүстік Кореяның Hyundai Motor компаниясы Үндістандағы бөлімшесін биржаға шығаруды жоспарлап отыр. Әзірше Hyundai Motor India Ltd 19 млрд долларға бағаланды, деп хабарлады Bloomberg.

Тарқата айтсақ, автоөндіріс алыбы 22 қазанда Мумбайдағы IPO аясында акциялардың 17,5%-ын шамамен 3,3 млрд долларға сатпақ. Дегенмен мәміленің параметрлері мен мерзімі әлі де өзгеруі мүмкін.

Компанияның қағаздарын сатып алуға бірнеше шетелдік және үндістандық инвестор қызығушылық танытып отыр. Олардың қатарында басқарушы компаниялар, сақтандыру компаниялары, зейнетақы қорлары мен мемлекеттік қорлар бар.

Үндістанның бағалы қағаздар мен биржалар жөніндегі кеңесі (SEBI) осы аптада Hyundai-ға рұқсатын берді. Жаңартылған құжаттарды компания дүйсенбі, 7 қазан күні тапсыра алады.

Әзірше Үндістандағы ең ірі IPO 2022 жылы тіркелді. Дәл сол жылы Life Insurance Corp. of India компаниясы 206 млрд рупий (2,5 млрд доллар) тартқан болатын.

Bloomberg деректеріне сәйкес, жыл басынан бері Үндістандағы акциялардың бастапқы шығарылымының жалпы көлемі 9 млрд доллардан асты. Бұл 2023 жылдың сәйкес кезеңіндегі көрсеткіштен екі есе көп.