Қазақстанның еурооблигацияларына сұраныс 6 млрд долларды құраған
Қазақстан үкіметінің доллардағы еурооблигацияларына тапсырыс кітабы 6 миллиард долларды құрады. Бұл туралы Қаржы министрлігі хабарлады.
Қазақстан халықаралық нарыққа еурооблигация шығарып, 1,5 млрд доллар қарыз тартты. Бұл – 2015 жылдан бергі алғашқы шығарылым. 10 жылдық еурооблигацияның купондық мөлшерлемесі – 4,714%. Жиынтық тапсырыс кітабы тұрақты өсіп, 6 млрд долларға жеткен.
«Облигацияларды уақтылы орналастыру арқылы Қаржы министрлігі шығарылымның көлемі мен бағасы бойынша оңтайлы өлшемдерге қол жеткізе алды. Жиынтықты тапсырыстар кітабы тұрақты өсімді көрсетіп, 6 млрд долларға жетті. Бұл купон мөлшерлемесі мен кіріс деңгейін – 4,714%, сондай-ақ АҚШ қазынашылық облигацияларына қатысты спрэдті (кез келген активті бір уақытта сату мен сатып алуға байланысты өтінімдердің ең тиімді бағалары арасындағы айырмашылық) 88 базистік пункт мөлшеріне дейін белгілеуге мүмкіндік берді», – делінген хабарламада.
Лондон қор биржасы мен «Астана» халықаралық қаржы орталығының биржасында өткен шығарылымда халықаралық ұйымдастырушылар, бірлескен жетекші менеджерлері мен букраннерлері – Citi, JPMorgan және Societe Generale болды. Ал отандық ұйымдастырушы – BCC Invest компаниясы.
Министрлік еуроблигация шығару Қазақстанның қаржылық тұрақтылығын нығайтып, ел экономикасы өсіміне ықпал ететініне сенімді.
«Сонымен бірге осы орналастырудың қолайлы шарттары қазақстандық квазимемлекеттік және корпоративтік эмитенттер үшін халықаралық капитал нарығына шығуға бенчмарк (бағдар) бола алады», – дейді Қаржы министрлігі.
Bloomberg басылымы бұл оқиға туралы «Қазақстан он жылдық үзілістен кейін еурооблигациялар нарығына қайта оралды» деп жазды. Өйткені ел үкіметі бұдан ертерек еурооблигация шығаруды қалағанымен, халықаралық соттарда қаралыпр жатқан істерге байланысты кейінге шегерілген.
Нақты айтқанда, басылым «Стати ісі» деген атпен белгілі мұнай-газ дауы туралы жазған. Қазақстан Үкіметі молдован кәсіпкерлері Анатол Стати мен Габриель Статиге тиесілі Tristan Oil компаниясымен арадағы соттан кейін, арбитраждық шешім бойынша міндеттелген 500 млн долларды төлеуден бас тартқан. Салдарынан елдің 28 млрд долларлық мемлекеттік активтері бұғатталған.