Қазақстан бюджетіне 2024 жылдың қаңтар-тамыз айларында 17,04 трлн теңге кіріс түскен. Ал шығысы 18,43 трлн теңгені құраған. Осы кезеңде мемлекет бюджетіндегі тапшылық 1,7 трлн теңгеге жетті. Қаржы министрлігі мемлекеттік бюджетке қатысты кезекті есебін жариялады.
Жалпы ел бюджеті 2007 жылдан бері тапшылықпен қалыптасып келеді. Кейінгі 5 жылдағы көрсеткішті алсақ, 2019 жылы бюджет тапшылығы 1,3 трлн теңге болса, коронавирус жайлап, карантин енгізілген 2020 жылы бюджет тапшылығы 2,2 есе өсіп, бірден 2,8 трлн теңгеге жеткен.
Содан бері ел бюджетінде тапшылық 2 трлн теңгеден кемімей келеді. 2021 жылы – 2,5 трлн теңге, 2022 жылы – 2,1 трлн теңге, ал 2023 жылы 2,8 трлн теңгені құраған. 2024 жылдың 8 айындағы көрсеткіш 1,7 трлн теңгені құрағанымен, жыл соңына дейін 4 айдың есебі қосылатынын ескерсек, тапшылық көлемі бұл цифрдан біршама жоғары болмақ. Қазір бюджет дефициті ЖІӨ-нің 3,2%-на тең.
Жалпы 2024 жылғы түзетілген бюджетке сәйкес, биыл бюджет кірісі – 26,9 трлн теңгені, шығыны – 30,7 трлн теңгені құрайды деп жоспарланған. Бюджет тапшылығы 4,4 трлн теңгеге жетеді. 2025-2027 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасының таныстырылымында депутат Әділ Жұбанов «бұлай кете берсе, Қазақстан бюджеті банкротқа ұшырауы мүмкін» деп мәлімдеп, Үкіметті бюджет шығысын оңтайландыруға шақырды.
8 айда бюджетке 12,3 трлн теңге салық түскен. Салықтық емес түсімдер 1,2 трлн теңге болса, Ұлттық қордан 3,44 трлн теңге алынған.
Бюджет шығысының басым бөлігі әдеттегідей білім беру, әлеуметтік қорғау және денсаулық сақтау саласына жұмсалды. Қаңтар-тамыз айларында білім беру мен әлеуметтік қорғау салаларына 4 трлн теңгеден жұмсалған. Ал денсаулық сақтау салансына 1,3 трлн теңге бөлінді. Бюджет шығынының қомақты бөлігі «қарызға қызмет көрсетуге» кетеді. 8 айда қарызға қызмет көрсетуге бюджет шығысының 1,9 трлн теңгесі жұмсалған. Ал 2025 жылы Қазақстан мемлекеттік қарызын өтеуге 6,1 трлн теңге жұмсауды жоспарлап отыр.
Ал 2030 жылға дейінгі мемлекеттік қаржыны басқару тұжырымдамасына сәйкес, мемлекеттік қарызға қызмет көрсету құны бүкіл бюджет шығысының 10%-нан аспауы тиіс. Алайда Жоғары аудиторлық палата өкілі Ардақ Теңгебаев бұл норманы іске асыру қазірдің өзінде қиынға түсіп отырғанын мәлімдеген.
Нәтижесінде мемлекеттік бюджет тапшылығы осы кезеңде 1,7 трлн теңгені құрап, бюджеттің мұнайға қатысты емес тапшылығы 6 трлн теңгеге жетіп қалды.
Қаңтар-маусым айларында Қазақстанның жалпы ішкі өнімі 52,3 трлн теңгені құраған. Қаңтар-тамыз айларындағы бюджет кірісі жалпы ішкі өнімнің 32%-ына тең. Осы айларда 31,8 трлн теңге болатын өнеркәсіп өнімі өндірілген.
Үкімет елдері орташа айлық номиналды жалақы 403 мың теңге деп есептейді. Жыл басында ол 350 мың теңгені құраған.
7 айда Қазақстан өзге елдерге 46,1 млрд доллардың өнімін экспорттаса, 32,8 доллардың өнімін импорттаған. Сауда балансының сальдосы -13,3 млрд долларға тең.