Қазақстан банктерінде заңды тұлғалардың жинағы қысқарған: халықтың депозитте қанша ақшасы бар?
Екінші деңгейлі банктерде заң тұлғаларға тиесілі депозит көлемі азайды. Соның салдарынан банктердің жалпы депозит портфелі 0,8%-ға қысқарып, 36,2 трлн теңгені құрады. Halyk Finance сарапшылары банк секторының тамыз айындағы көрсеткіштерін саралаған.
Депозит көлемінің қысқаруына заңды тұлғалар депозиттерінің 3,3%-ға қысқаруы себеп болған. Қазіргі кезде заңды тұлғалардың банктердегі жинағы 15,8 трлн теңгені құрайды. Есесіне жеке тұлғалардың депозиттері 1,2% өсіп, 20,4 трлн теңгеге жеткен. Халықтың банктерге сақтаған қаржысы жыл басынан бері 8,2% өсім көрсетті.
ЕДБ-дегі депозиттердің басым бөлігі теңгемен жинақталған. Теңгедегі депозит көлемі – 28,4 трлн теңге. Ал валютада жинақталған салық көлемі 7,7 трлн теңгені құрайды. Тамыз айында шетел валютасында сақталған ақшаның үлесі 2,7%-ға азайған. Сарапшылар vұны валюталық депозиттер сыйақы мөлшерлемесінің төмендігімен байланыстырады.
Соның ішінде заңды тұлғалардың теңгедегі де, валютадағы да депозиті аздап қысқарған. 21 банк арасында депозит көлемі:
- «Ситибанкте» – 11,5%, (109 млрд теңге);
- ВТБ – 3,6%, (2,8 млрд теңге);
- Altyn Bank – 3,5%, (23 млрд теңге);
- Halyk bank – 2,3%, (277 млрд теңге);
- Еуразиялық банк – 1,8%; (40 млрд теңге);
- «Отбасы банк» – 0,7%; (19,5 млрд теңге);
- Kaspi bank – 0,2%, (10,8 млрд теңге);
- Freedom Bank – 0,1% (0,9 млрд теңге) қысқарған.
Есесіне «Заман банк», Al Hilal, ForteBank, Банк ЦентрКредиттегі жинақ көлемі артқаны байқалады. Осы банктердің арасында «Заманбанк» көш бастап тұр. Бұл банктегі салымшылардың жинағы бір айда +148% көбейіп, 15 млрд тенгеге артқан. Al Hilal банктегі депозит көлемі 1 айда 6 млрд теңгеге өскен. ForteBank-те жинақталған салым +3,2%; өсім көсетіп, бір айда 88 млрд теңгеге өскен. Ал Банк ЦентрКредиттегі депозит портфелі 54 млрд теңге қосқан.
Қазақстандағы 21 екінші деңгейлі банк 8 айда 1,6 трлн теңге таза пайда тапты. Екінші деңгейлі банктердің жалпы активі 57,8 трлн теңгеден асса, несие портфелі 33 трлн теңгеге тең. Соның ішінде 1,8 трлн теңге несие – мерзімі өткен қарыз. Өтелмегеніне 3 айдан асып кеткен борыш көлемі 1 трлн теңгеге тең.