ҚР Ұлттық банкінің бұрынғы төрағасы Ғалымжан Пірматов Қаржы мониторингі агенттігі тергеген қылмыстық істе тергеу орбитасына енген. Бұл туралы «Курсивке» екі тәуелсіз дереккөз хабарлады. Алайда қылмыстық іс дәл банкирдің үстінен қозғалды ма, жоқ па нақтыламады.
3 қазан күні ҚазТАГ агенттігі жасырын дереккөзге сілтеме жасай отырып, Ғалымжан Пірматовқа қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүріп жатқанын жазған.
«Курсивке» ақпарат берген дереккөз Пірматовтың қылмыстық іске қатысы бар екенін айтқан. Алайда Қылмыстық кодекстің қай бабы бойынша тергеу жүргізіліп жатқанын және бұл іске Ұлттық банктің экс-басшысының қаншалықты қатысы барын нақтыламады.
Істі Қаржы мониторингі агенттігі тергеп жатыр. «Курсив» осы істің мән-жайын нақтылау үшін ҚМА-ға сауал жолдады.
Ғалымжан Пірматов 2022 жылдың ақпанынан 2023 жылдың қыркүйегіне дейін Қазақстан Ұлттық банкінің төрағасы қызметін атқарды. Оған дейін «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ басқарма басшысы болған.
Ғалымжан Пірматовтың бауыры Бекжан Пірматов «Цеснабанк» пен First Heartland Jysan Invest-тің басшысы болған. Қазіргі кезде Бекжан Пірматов ForteBank басқарма төрағасы қызметін атқарады.