Жаңалықтар

Қазақстанда іскерлік белсенділік жақсарып келеді

Қыркүйек айында Қазақстандағы  іскерлік белсенділік жақсара түскенімен, өсу қарқыны сәл бәсеңдеген. ҚҰБ Ақша-кредит саясаты департаментінің директоры Рүстем Оразалиннің айтуынша, көрсеткіш 8 ай қатарынан оң аймақта қалып отыр. Қазір елдегі іскерлік белсенділік индексі  51,2-ге тең.

Қыркүйекте іскерлік белсенділік индексі тек тау-кен өнеркәсібінде төмендеген. Тау-кен саласында тауарлы-материалдық қорлардың азаюы есебінен индекс 48,9-ға дейін азайған.

Бұл салада өзге секторларда өсім байқалады. Мәселен, өндіріс саласының көрсеткіші біршама жақсарған. Бұл салада тапсырыс көбейіп, өндіріс артып, жұмыспен қамту деңгейінің ұлғаюы есебінен индекс 52,4-ке көтерілген.

Қызмет көрсету секторы да біршама өсім көрсеткен – 51,6 (51,1). Ал құрылыс саласында көрсеткіш айтарлықтай өзгеріс жоқ – 50,4 (50,5).

Дерекөз: Ұлттық банк

Бизнес-ахуал индексі қыркүйекте сәл төмендеді.

«Бизнес жүргізу ісінің қазіргі жағдайын бағалау көрсеткіші де жақсара түсті. Есесіне, келешек жағдайды бағалау деңгейі төмен болды. Бизнес-цикл «сағатының» индикаторы өсу аймағында. Яғни, қазіргі және келешек бизнес-ахуал оң бағаланып отыр», – дейді Оразалин.

Кәсіпорындар өнім мен көрсетілетін қызметке деген сұраныс қарқыны баяулағанын атап өтті. Бұл фактор, әсіресе, тау-кен өнеркәсібі мен құрылысқа әсер еткен.

Freedom Holding Corp пен  S&P Global PMI®-дің индексін талдау мәліметтері қыркүйек айында қызмет көрсету саласында белсенділіктің қайта өскенін көрсетіп отыр. Тамыз айындағы нашар көрсеткіштердің артта қалып, сұраныстың базалық үрдістері жақсарған. Бұл қазақстандық қызмет жеткізушілерге жаңа тапсырыстардың көбеюіне әкелген.