Қазақстан он жылдан кейін доллармен номинацияланған облигациялар нарығына қайта оралды – Bloomberg
Қазақстан он жылдық үзілістен кейін доллармен номинацияланған еурооблигациялар нарығына қайта оралды. Бұл туралы америкалық Bloomberg басылымы жазды.
Басылымның ақпаратына сүйенсек, Қазақстан 2015 жылдан бері алғаш рет доллармен номинацияланған еурооблигациялар орналастырған. Үкімет долларлық облигациялар нарығына жыл басында оралуды қалағанымен халықаралық соттардағы бірқатар шешілмеген істерге байланысты кейінге қалып келген.
Қазіргі таңда Үкімет ұзақмерзімді 10 жылдық долларлық облигацияларды ұсынады. Мәміленің бастапқы бағасы АҚШ қазынашылықа қағаздарынан шамамен 120 базистік тармаққа жоғары екені айтылған.
4 қазанда Қазақстанның Қаржы министрлігі 1,5 миллиард АҚШ долларын құрайтын шығарылымды 4,714% купондық мөлшерлеcімен орналастырғанын хабарлады.
Еурооблигациялар Лондон қор биржасында және «Астана» халықаралық қаржы орталығының биржасында орналастырылды. Үкімет нарыққа шығу үшін JPMorgan Chase & Co, Citigroup Inc., Societe Generale SA және BCC Invest компанияларына жүгінген.
«Мәміле жоғары инвестициялық рейтингі бар мемлекеттер ғана қатысқан бір күндік виртуалды роуд-шоудан кейін жасалды. Бір күннің ішінде АҚШ, Ұлыбритания, Еуропа, Азия және Таяу Шығыстың 100-ден аса инвесторларымен кеңес өткізілді. Бұл Қазақстан Республикасының және оның экономикалық көрсеткіштеріне Халықаралық капитал нарығында сенім бар екенін және жоғары дәрежелі Эмитент ретінде инвесторлардың Қазақстанға қызығушылығы жоғары екенін байқатады», – делінген министрлік хабарламасында.
Bloomberg 2017 жылы мұнай-газ дауының ұзаққа созылуы салдарынан Қазақстанның құны миллиардтаған доллар тұратын мемлекеттік активтері уақытша бұғатталғанын жазды. Басылым жазып отырған іс – 2017 жылы басталған Стати мен Қазақстан арасындағы дау. Үкімет молдавалық инвесторлар Анатол мен Габриэль Стати басқаратын Tristan Oil компаниясымен соттан кейін, арбитраждық шешім бойынша міндеттелген 500 млн долларды төлеуден бас тартқан. Салдарынан елдің 28 млрд долларлық мемлекеттік активтері бұғатталған.
2024 жылы шілдеде Қазақстан Әділет министрлігі мен Статиге тиесілі Tristan Oil жетекші кредиторлары дауды тоқтату туралы өзара келісімге келген. Bloomberg елдің долларлық облигациялар нарығына оралуына осы келісімнің әсер еткенін жазған.
Айта кетейік, осыған дейін америкалық басылым Қазақстан күзде 1,5 млрд доллар көлемінде еурооблигациялар шығаруды жоспарлап отырғанын жазған еді.