Lifestyle

ЕуроОдақ Қытай электромобильдеріне баж салығын 45%-ға дейін өсіруді көздеп отыр

ЕуроОдақ Қытай электромобильдеріне баж салығын 45%-ға дейін өсіруді көздеп отыр / Коллаж kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Еурокомиссия мүшелері Қытайда өндірілген электромобильдерге баж салығын 45%-ға дейін көтеру туралы мәселені талқылап дауыс берген.

BBC ақпаратына сүйенсек, 4 қазанда Еуропалық Одақ Қытайдан келген электромобильдерге 45%-ға дейін баж салығын енгізуге қатысты мәселе бойынша дауыс берген. Бұл Бейжіңмен сауда мәселесінің одан әрі шиеленісуіне әкелуі мүмкін.

Басылымның жазуынша, Еуропалық комиссия бұл міндеттерді бес жылға созбақ. Дауыс беру кезінде бірқатар елдер қалыс қалған.

ЕО шешімінің негізгі себебі ретінде Қытайдың электромобиль саласын әділетсіз субсидиялауы көрсетілген. Мұны комиссия тергеу кезінде анықтаған. Бейжің бұл мәліметті жоққа шығарып, еуропалық сүт өнімдеріне, брендиге, шошқа етіне және автомобиль секторына баж салығын өсіретінін ескертті.

Еуропалық блок өзінің Қытай алдындағы тәуелділігін азайту үшін белсенді жұмыс істеп келеді. Еуропалық орталық банктің бұрынғы президенті Марио Драги қыркүйекте «Қытайдың мемлекеттік бәсекелестігі» ЕО-ға қауіп төндіретінін ескерткен. 2024 жылы ЕО-тың Қытаймен сауда-саттығы 739 млрд еуро (8 трлн 815 млрд теңге) болған. 

Еске сала кетсек, Еуропада автокөлік сатылымы кейінгі үш жылдағы ең төменгі деңгейге жетті. Bloomberg Volkswagen шығындарды азайту үшін Германиядағы зауыттарын жабуы мүмкін деп хабарлаған. Әлемге әйгілі Audi зауыты жабылуы мүмкін. Сондықтан Брюссельдің 5,5 мың тұрғыны наразылық шеруіне шықты.