Иран Израиль шабуылдарынан кейін біржақты ұстамдылық танытпайтынын айтып, АҚШ-қа ескерту жасады. Бұл туралы Al Jazeera телеарнасы хабарлады.
Телеарна ақпаратына сүйенсек, Иран өзінің Израильге қарсы шабуылдау мүмкіндігі туралы ескертулерді АҚШ-қа Қатардағы байланыстары арқылы жеткізген. Дегенмен ел аумақтағы тыныштықты сақтау үшін шиеленісті бейбіт жолмен шешуді қалайтынын да хабарлаған.
«Вашингтонға өзге елдегі байланыс арналары арқылы жіберген хабарламамызда біздің қазіргі жағдайға шыдап отырғанымыз еліміздің ұлттық қауіпсіздігіне зиян келтіріп жатқанын және ұстамды саясатымыз жалғаса бермейтінін ескерттік», – дейді телеарнаға пікір білдірген Иран шенеунігі.
Бұған қоса, шенеунік Тегеранның Тель-Авив қарулы күштерінің әрекетіне «ерекше жауап» беруге уәде бергенін айтқан. Дегенмен Иран әлі де аймақтағы бейбітшілікті сақтау үшін үлкен қақтығысты қаламайтынын да атап өткен.