Lifestyle

Пусан кинофестивалінде қазақстандық екі фильмнің тұсауы кесіледі

Пусан кинофестивалінде қазақстандық екі фильмнің тұсауы кесіледі /Фото: shutterstock

Оңтүстік Кореядағы Пусан кинофестивалінде қазақстандық «Әбіл» және «Пряники для ее отца, моего прадеда, ее деда» фильмдерінің тұсауы кесіледі. Бұл туралы Ұлттық киноны қолдау орталығы хабарлады.

Орталықтың хабарлауынша, екі фильм де Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының қолдауымен түсірілген.

«Әбіл» фильмінің постері / Фото: Ұлттық киноны қолдау орталығы

Режиссер Елзат Ескендірдің «Әбіл» фильмі фестивальдің негізгі секциясында көрсетіледі. Фильм сюжеті Кеңес Одағы ыдырағаннан кейінгі ауыл тұрғындарының өмірі, жемқорлық пен жабайы капитализм тақырыптарын қамтыған. Қоюшы-операторы поляк киносының өкілі Йоланта Дильевска, продюсері қазақстандық Серік Әбішев, рөлдерде Ерлан Төлеутай, Нұржан Бексұлтанова, Әлихан Лепесбай және Ұлан Нүсіпәлі.

«Пряники для ее отца, моего прадеда, ее деда» фильмінің постері / Фото: Ұлттық киноны қолдау орталығы

Режиссер Алина Мұстафинаның дебюттік «Пряники для ее отца, моего прадеда, ее деда» фильмі анимациялық және эксперименттік жобалар көрсетілетін «Wide Angle» секциясында ұсынылады. Сюжет бойынша басты кейіпкер соғыста 1944 жылы қайтыс болған әкесінің қабірін іздейді. Оның бұл ісіне немересі Алина көмектесіп, Қазақстаннан Польшаға алып барады. Фильм қазақстандық Uvent Production кинокомпаниясының продюсерлік жұмысы, бас продюсерлері – Ақжол-би Сәрсембаев пен Еркежан Мақсұт.

Пусан халықаралық кинофестивалі 2024 жылдың 2-11 қазан аралығында Оңтүстік Кореяның Пусан қаласында өтеді. Оған негізінен дебютант режиссерлердің фильмдері қатысады.

Айта кетейік, осыған дейін режиссер Асқар Кучинчирековтің «Бауырына салу» фильмі Қазақстан атынан америкалық киноакадемияның «Оскар» жүлдесіне ұсынылатынын жазған едік. Мұндай шешімді Қазақстан Кинематографистер одағы жанындағы Оскар комитеті қабылдаған.