Қазақстанда үгіт-насихат кезінде референдум туралы заңды бұзған 24 жағдай тіркелді

Жарияланды
General News бөлімінің редакторы
Қазақстанда үгіт-насихат кезінде референдум туралы заңды бұзған 24 жағдай тіркелді / Фото: коллаж kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Үгіт-насихат кезеңінде Қазақстанда референдум туралы заңды бұзған 24 жағдай тіркелген. Олардың барлығы қоғамдық пікірді сұрауға байланысты болған. Бұл туралы Орталық референдум комиссиясының отырысында бас прокурордың орынбасары Жандос Өміралиев айтты

«Референдумға дайындықтың алғашқы күндерінен бастап референдум туралы заңнаманың 24 бұзушылық анықталды. Бұл сауалнама жүргізу ережелерінің бұзылуына байланысты фактілер. Бүгінгі таңда заңнаманы бұзған адамдар әкімшілік жауапкершілікке тартылды», – деді Өміралиев.

Сонымен қатар референдумға дайындық кезінде Бас прокуратураға заңсыз сауалнамалар жүргізген және анонимді үгіт материалдарын таратқан адамдарға қатысты төрт өтініш келіп түскенін атап өтті. Ал сауалнаманы тек Орталық сайлау комиссиясы бекіткен ұйымдар учаске алдында ғана жүргізе алатынын атап өтті.

Ал Мәдениет және ақпарат министрлігі анықтаған 14 құқық бұзушылықтың 13-і онлайн–платформаларды пайдаланушыларға, бір  құқық бұзушылыққа интернет-басылым жол берген. Ақпарат вице-министрі Қанат Ысқақов 4 қазан түн ортасында үгіт кезеңі аяқталатынын еске салып, 5 және 6 қазанда бұқаралық ақпарат құралдары мен онлайн-платформада үгіт жүргізуге болмайтынын айтты. Бұрын жария болған материалдар мұрағатта қалады, дегенмен олар басты бетке шығарылмауы керек.

«Референдум туралы заңның 7-бабының 4-тармағына сәйкес референдумның алдындағы күні және референдум өткізілетін күні кез келген үгіт-насихатқа тыйым салынады. Бұл ретте, «үгіт» ұғымының мәні мен мазмұнына сүйене отырып, сайлаушыларды референдумға шығарылған мәселеге қарсы немесе оған қарсы дауыс беруге итермелейтін материалдар үгіт ретінде қаралатын болады», — деді Ысқақов.

Еске сала кетейік, 6 қазан күні Қазақстанда АЭС салуға қатысты республикалық референдум өтеді. Тиісті жарлыққа президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2 қыркүйек күні қол қойған болатын. Онда АЭС салу бойынша өтетін референдумға «Сіз Қазақстанда атом электр станциясын салуға келісесіз бе?» деген сауал шығарылатыны айтылған.

Сондай-ақ оқыңыз