Владислав Бакальчук Wildberries компаниясы мен Татьяна Кимге қарсы 350 млрд рубльге (1,8 трлн теңге) талап-арыз берді. Талап-арызы маркетплейс пен сыртқы жарнама операторы Russ арасындағы серіктестікті заңсыз деп тануды көздейді. Бұл туралы Бакальчук өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында хабарлады.
Бакальчуктың айтуынша, Wildberries активтерін «РВБ» ЖШҚ-ға беру заңсыз жолмен жүзеге асырылды.
«Талап-арызда біз бұл мәмілелерді заңсыз деп тану негіздерін толықтай түсіндірдік. Берілген активтердің құны 350 млрд рубльден асады. Олардың ішінде қоймалар, логистикалық инфрақұрылымдар, фуралар, Wildberries банкі, тауар белгілері, бағдарламалық қамтамасыз ету, веб-сайт және компанияның жылдар бойы құрылған басқа да негізгі активтері бар», – деп жазды Бакальчук.
Бакальчук, сондай-ақ, талап-арыздың сомасы тергеу барысында ұлғаюы мүмкін екенін айтты.
Еске сала кетейік, 2024 жылғы маусымда Wildberries компаниясы ресейлік Russ жарнама ұйымымен серіктестік бойынша келісімге келген еді.
Ал қыркүйек айында Мәскеудегі Wildberries кеңсесінде атыс болып, екі күзетші қаза тауып, жеті адам жарақат алған.
Татьяна Бакальчук бұл оқиғаны Владислав Бакальчуктың, Сергей Ануфриев пен Владимир Бакиннің «Мәскеудегі Wildberries кеңселерін басып алуға жасалған сәтсіз әрекеті» деп атады.