Қазақстан 140 млрд теңгеге Ресейден жеті тікұшақ сатып алады. Бұл туралы Төтенше жағдайлар министрлігі kursiv.media-ның ресми сауалына берген жауабында айтылған.
Министрліктің мәліметінше, төтенше жағдай кезінде қызмет көрсететін тікұшақтарды сатып алу үшін республикалық бюджеттен 140 млрд теңге бөлінді. Сондай-ақ сатып алу жоспарланып отырған тікұшақтар Ресей мемлекетінде шығарылады.
Сатып алынған тікұшақтар оның ішінде К-32 тікұшағы Астана, Алматы, Ақтау, Атырау қалаларында қызмет көрсетсе, МИ-8 тікұшағы Алматы, Семей, Өскемен қалаларында кезекшілікте тұратын болады.
Қажет болған жағдайда тікұшақтар басқа өңірлердегі ТЖ-ның алдын алу және жою жұмыстарына да жұмылдырылатын болады.
Сонымен қатар тікұшақтан бөлек, Төтенше жағдай министрлігі Чехиядан 4 ұшақ сатып алмақшы.
«Сатып алу жоспарланып отырған ұшақтар Чехия мемлекетінде шығарылады. Лизингтік қаржыландыру аясында республикалық бюджет есебінен 30 млрд астам теңгеге 4 бірлік ұшақ сатып алынады», – делінген хабарламада.
Чехияда шығарылатын L-410 ұшағы оңтүстік, солтүстік, шығыс және батыс принципі бойынша Астана, Алматы, Өскемен, Атырау қалаларында қызмет көрсетеді деп жоспарланып отыр.
Еске сала кетейік, бұған дейін Air Astana Қазақстаннан АҚШ-қа тікелей рейстер жіберу үшін Boeing ұшақтарына тапсырыс берген.