«Шымбұлақ» ТМД елдерінің арасында үздік тау-шаңғы курорты атанды

Жарияланды 4 Қазан 2024 17:48

(жаңартылды 4 Қазан 2024 18:05)
Рауан Мутаир

Рауан Мутаир

General News бөлімінің тілшісі rauan.mutairov01@gmail.com
«Шымбұлақ» үздік тау-шаңғы курорты атанды / Коллаж: kursiv.media, бильд-редактор: Ахтам Зиперов

«Шымбұлақ» тау-шаңғы курорты Ski Business Awards-2024 нұсқасы бойынша «ТМД елдерінің үздік тау-шаңғы курорты» атағына ие болды.

«ТМД елдері арасындағы жыл сайынғы Ski Business Awards сыйлығында «Шымбұлақ» 150 басқа курорттың арасынан үздік атанды! Қазақстан бірден екі номинацияда жеңіске жетті: «Үздік глэмпинг/кемпинг» және ең бастысы, «ТМД елдерінің үздік курорты» деген жүлдеге ие болды. Үш жыл қатарынан ең мәртебелі номинация Қазақстанға бұйырды», – деді «Шымбұлақ» тау курортының бас директоры Ринат Абдрахманов.

Марапаттау рәсімі 3-6 қазан аралығында Ресей Федерациясының Минеральные Воды қаласында өткен туристік аймақтардың халықаралық форумында өтті. Жеңімпаздарды таңдау бірнеше кезеңнен, соның ішінде дауыс беру және сарапшылар комиссиясы алдында қорғау кезеңінен тұрды.

Ski Business Awards нұсқасы бойынша тағы бір беделді марапатқа Қазақстанның Oi-Qaragai тау-шаңғы курорты ие болды. Ол «Үздік IT-шешім» және «Үздік балалар лагері бағдарламасы» номинациялары бойынша марапатталды.

Танымал «Шымбұлақ» тау-шаңғы курорты Алматы қаласынан 15 минуттық жерде, теңіз деңгейінен 2260 метр биіктікте, Іле Алатауының шатқалында орналасқан. Курорт 1954 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Шымбұлақ жыл сайын 1,5 миллионнан астам қонақты қабылдайды және ірі халықаралық спорттық жарыстар өткізіледі.

Еске сала кетейік, бұған дейін Алматыда орналасқан «Шымбұлақ» тау курорты мен Оңтүстік Кореяның MONA Yong Pyong курорты өзара туристер алмасу туралы келісімге келген еді.

2024-2025 жылғы маусымда Шымбұлаққа Оңтүстік Кореядан 15 мыңға жуық турист келеді деп жоспарланып отыр.

Сондай-ақ оқыңыз