Қазақстандағы бөлшек сауданың қолма-қол ақша айналымында алкогольді ішімдіктердің үлесі орта есеппен 3%-ды, көтерме саудада 2%-ды құрайды. Бұл көрсеткіштер соңғы бес жылда өзгермей, тұрақтылық сақтаған. Бұл орайда 2020 жылды санамауға болады. Бұл кезеңде пандемия салдарынан үйлеріне қамалған қазақстандықтар алкогольді сатып алу бойынша онжылдық рекорд орнатқан.
Пандемия басталған жылы Қазақстанда алкогольдің бөлшек саудадағы қолма-қол сатылымы 2019 жылмен салыстырғанда 30%-ға өсіп, кейіннен бүкіл бөлшек сауда нарығының 3,8%-ын құраған болатын.
Ал 2019 жылы бұл көрсеткіш 3%, 2021 жылы 2,7%, 2022 жылы 3,1-%, 2023 жылы 2,9% болған. Қаражат көлемі бойынша әр жылғы көрсеткіштер мынадай:
- 2019 жылы 340,9 млрд теңге
- 2020 жылы 442,1 млрд теңге
- 2021 жылы 343,8 млрд теңге
- 2022 жылы 511,8 млрд теңге
- 2023 жылы 579,5 млрд теңге
Алкогольді сату арналары
Мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметінше, Қазақстанда жыл сайын алкоголь өнімдерін бөлшек саудада сату үшін 6,5 мыңға жуық және көтерме саудада сатуға 230-ға жуық лицензия беріледі. Бұл статистикаға қоғамдық тамақтандыру кәсіпорындарына берілген лицензиялар кірмейді.
Дистрибьюторлардың деректеріне сәйкес, елде алкоголь негізінен дәстүрлі бөлшек саудада жақсы сатылады. Алкогольдік сусындар сатылымының 50%-ға жуығы шағын дүкендер, базарлар және көтерме базарлар арқылы жүзеге асырылады. Бұл жалпы нарық бойынша көрсеткіш. Бірақ премиум сегментінде айтарлықтай айырмашылық бар.
«Өңірлер мен ірі қалаларда алкогольдің көтерме сауда көлемі жоғары. Өйткені халық әлі күнге дейін алкогольді көтерме базарлардан сатып алады. Бұл өзі сыйымдылығы жоғары арна саналады», – деп түсіндірді Global Beverage холдингінің негізгі шоттары бойынша ұлттық менеджері Николай Грачев. Холдинг минералды су, алкогольді және алкогольсіз сусындар шығаратын кәсіпорындар тобынан құралған. Бұл компания «Хаома», Kyzylzhar және т.б. брендтерді шығарады.
Ал заманауи бөлшек сауда нарығындағы алкоголь сатылымының үлесі шамамен 30%-ды құрайды. Заманауи бөлшек сауда нарығына алкомаркеттер, шарап дүкендері және сыра дүкендері сынды салалық дүкендерді жатқызуға болады.
Дегенмен статистикалық көрсеткіштер сусын түріне және оның құнына байланысты өзгеріп отырады. Премиум сегментінің көрсеткішінде айырмашылық бар. Премиум сегменттегі алкоголь түрін жеткізетін арнаның бірі – HoReCa саналады. Сонымен бірге премиум сегменттегі алкогольді алкомаркеттер де сатады. Тіпті бұл нарық сегментінде бір ғана алкогольдік дүкеннің үлесі 30%-ға дейін жетуі мүмкін. Мәселен, «Қазақстан сыра» компаниясының (элиталық алкогольді сусындарды импорттаушысы және дистрибьюторы, сондай-ақ сыра өндірушісі) деректері бойынша, Line Brew брендімен шығаратын қалбырдағы сыраның 20-30%-ға дейінгі көлемін алкомаркеттерге жеткізіледі.
Алкомаркеттер саны артып келеді
Дистрибьюторлардың айтуынша, Қазақстанда алкомаркеттер саны жыл сайын артып келеді.
«Соңғы жылдары алкоголь нарығы тұрақты дамып келеді. «Волна» және «Барик» желілері сияқты сыра дүкендерін алатын болсақ, олар бүкіл ел бойынша дамып жатыр. Оған қоса алкомаркеттер форматы да кеңейіп, қызықты концепциясы бар шарап дүкендері ашылған», – дейді «Қазақстан сыра» компаниясының сату жөніндегі директоры Андрей Павлов.
Global Wine компаниясы өз өнімдерінің 20%-ын алкомаркеттер арқылы сатылатынын мәлімдеді. Компания өкілі соңғы жылдары алкоголь өнімдері интернет-дүкендері арқылы сатыла бастағанын, мұндай сатылым үлесі күн санап артып жатқанын айтады. Global Wine мәліметтері бойынша, үш жыл ішінде алкомаркеттер үлесі шамамен 10%-ға өскен.
Николай Грачевтің айтуынша, алкомаркеттер санының артуына олардың ассортиментінің мол болуы әсер еткен. FMCG-ойыншылары мен дәстүрлі бөлшек саудаға қарағанда олар алкогольдің түр-түрін ұсына алады. Сонымен бірге мұндай дүкендерде алкоголь таңдауға көмектесетін кеңесшілер, сомелье және кависталар қызмет көрсетеді.
Соңғы уақытта мұндай дүкендердің форматы да өзгеріп жатыр. Мысалы, жекелеген шарап дүкендері жиі ашыла бастаған. Дистрибьюторлар бұған елдегі алкогольді тұтыну мәдениетінің артуы себеп болғанын айтады.
«Соңғы жылдардағы шарап дүкендерінің танымалдылығына халықтың сапалы сусындар мен шарап тұтыну мәдениетіне деген қызығушылығы себеп болып отыр. Тұтынушылар шарапты таңдай бастаған», – дейді AlmaWine шарап дүкендері желісінің маркетологы Елена Ясвилко.
Сонымен бірге елде алкогольді бөлшек саудада онлайн сататын Elitalco желісі жұмыс істейді. Негізінен Қазақстанда алкогольді онлайн сатуға ресми түрде тыйым салынған. Алайда тыйымды айналып өтудің жолы табылған. Яғни тауар сайтқа шығарылады. Онлайн тапсырыс қабылданған соң, ақша төлеу яғни сауда дүкенде жүзеге асырылады. Тапсырысты курьермен беріп жібереді. Курьер тапсырысты жеткізгенде, тапсырыс берушінің құжатын тексеріп, 21 жасқа толғанына көз жеткізуі керек.
Айта кетейік, қазір 60-тан астам елде алкогольді онлайн сатуға рұқсат. Олар бөлшек саудадағы технологиялық өзгерістер мен электронды коммерция секторының өсуін ескере келе, онлайн саудаға рұқсат берген.