Үкімет резервінде қаражат жоқ. Осыған байланысты Қаржы министрлігі Батыс Қазақстан облысы әкімдігіне тасқын су шайып кеткен жолдарды жөндеуге сұраған 1 млрд теңге көлеміндегі қаражатты беруден бас тартқан. Бұл жайлы kursiv.media редакциясына Көлік министрлігі хабарлады.
«Министрлік Батыс Қазақстан облысы әкімдігімен бірге шығыстарды оңтайландырып, биылғы жылы 17 қыркүйекте бірінші кезектегі 26 жол учаскелерін қалпына келтіруге 1 млрд тенге сомасында ҚР Үкіметі қаулысының түзетілген жобасын мемлекеттік органдарға келісуге жолдады. Алайда Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің ұстанымына сәйкес Қазақстан Республикасы Үкіметінің резервінде қаражаттың болмауына байланысты қолдау таппады»,- делінген жауапта.
Министрлік мәліметінше, үкімет резервіндегі қаражат тасқын су шайып кеткен республикалық маңызы бар жолдарды жөндеуге жұмсалған. Көктемгі су тасқыны кезінде республикалық жолдар бойынша 10 өңірдің 122 учаскесінде жол жиектері мен жол төсемі шайылып кеткен. Олар бойынша жалпы келтірілген шығын сомасы 8,5 млрд теңгені құраған. Ведомство барлық учаскеге қаражат қарастырылғанын хабарлайды.
«Жоғарыда айтылғандардың негізінде Қазақстан Республикасы Үкіметінің резервіндегі қаражаттың шектелуін ескере отырып, бірінші кезектегі учаскелерді қалпына келтіру үшін қаражат бөлуді жоспарлы тәртіппен қарастыру ұсынылды»,- деп хабарлайды министрлік.
Су шайып кеткен республикалық маңызы бар жолдардың 122 учаскесінің 102 учаскесі республикалық бюджет есебінен жөнделіп толық аяқталған.
Қалған 20 учаскедегі жұмыстар Қазақстанның Даму Банкінің қаражаты есебінен орташа жөндеу жұмыстары шеңберінде қалпына келтіріліп жатыр. Министрліктің хабарлауынша, бұл жұмыстар күздің соңына дейін аяқталады.
Ал жергілікті жолдар бойынша 10 өңірде 414 учаскеде жол жиектері мен жол төсемі шайылған. Оның 233 учаскесі жергілікті бюджет есебінен қалпына келтірілген. Басқа учаскелерде жөндеу жұмыстары әлі де жалғасып жатыр.
Жергілікті жолдарда 88 учаскені қалпына келтіру үшін Үкіметтің төтенше резервінен 28,8 млрд теңге бөлінген. Ал қалған 93 учаскені қалпына келтіру жұмыстары биылғы жылдың қараша айында жергілікті бюджет есебінен аяқталады.
Жалпы 2024 жылға арналған республикалық бюджетте көзделген Үкіметтің төтенше резервінен су тасқынынан зардап шеккен көлік инфрақұрылымын қалпына келтіру үшін 29 млрд теңге сомасында қаражат бөлінген. Бұл қаражат өңірлерге мынадай көлемде бөлінген:
- Ақмола облысы– 4,8 млрд теңге;
- Ақтөбе облысы– 10,2 млрд теңге;
- Қостанай облысы – 2,6 млрд теңге;
- Атырау облысы– 5,9 млрд теңге;
- Солтүстік Қазақстан облысы – 5,2 млрд теңге.
Бұл өңірлерге бөлінген қаражат көпір өткелінің құрылысына, жолды және көпірді реконструкциялауға нысаналы даму трансферттері, жолдарды күрделі, орташа және қазіргі жөндеуге жұмсалған.
Министрлік барлық су тасқынынан зардап шеккен көлік инфрақұрылымын қалпына келтіру жұмыстары осы жылдың қараша айының соңына дейін аяқталатынын хабарлады.
Еске сала кетсек, Көлік министрі Марат Қарабаев БҚО әкімдігінің зардап шеккен жолдары жергілікті бюджет есебінен жасап жатқанын, алайда қаражат тапшылығына байланысты Үкіметтен 1 млрд теңге сұрап отырғанын айтқан болатын. Министр ол кезде Қаржы министрлігінің бұл қаржыландыруға қатысты қаулы жобасын қарастырып жатқанын айтқан.