Таяу Шығыстағы геосаяси жағдай әлемдегі сауда-саттық нарығына айтарлықтай әсер етіп жатыр. Әсіресе, Иранның Ормуз бұғазын жауып тастау ықтималдығы мұнай нарығында үлкен дүрбелең туғызып отыр.
Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығының сарапшылары мұндай дүрбелеңге негіз бар деп санайды. Себебі бұл бұғаз арқылы күнінен 20 млн баррель көлемінде мұнай тасымалданады. Мұнай нарығындағы бұл жағдай Қазақстанның валюта, ақша, қор және мұнай нарықтарына қалай әсер етті? Бұған қатысты қауымдастық сараптамасын ұсынамыз.
Валюта нарығы
3 қазан, бейсенбі күні кешке USDKZT жұбының орташа сараланған бағамы 0,47 теңгеге дейін төмендеп, бір доллар 482,74 теңгені құраған. Сауда көлемі 288,8 млн долларға дейін өсті. Ал мұның алдындағы сессияда сауда көлемі 250,9 млн долларды құраған. Осыған орай қаржыгерлер теңге бағамына мұнай бағасының өсуі оң әсер етеді деп топшылап отыр.
«Теңге бағамына мұнай бағасының айтарлықтай өсуі, базалық мөлшерлемені қазіргі деңгейде ұстап тұру, сондай-ақ Қазақстан Ұлттық банкінің қазан айында шетел валютасын таза сату көлемін арттыру сияқты сыртқы және ішкі факторлар қолдау көрсетуі мүмкін»,– делінген қуымдастық ұсынған сараптамада.
Ал Қазақстан Ұлттық банкінің қазан айындағы макроэкономикалық зерттеуінде 2024 жылдың соңында ұлттық валютаның орташа бағамы бір долларға шаққанда 464 теңгені құрайтыны болжанады. Қаңтар-қыркүйек айларында бұл көрсеткіш 459,07 теңге болған. Реттеуші жүргізген сауалнамаға сәйкес, сарапшылар мұнай бағасының төмендеуін күтеді. Сондай-ақ қысқа және ортамерзімді перспективада ішкі және жаһандық экономиканың дамуына қатысты белгісіздік жағдайында қазіргі жоғары валюта бағамы жыл соңына дейін сақталады деп болжанады.
Ақша нарығы
Бейсенбі, 3 қазандағы сауда-саттықта ақша нарығының индикативтік бағамдары көп бағытты динамика көрсеткен. Атап айтқанда, сауда көлемі 602 млрд теңгеге (-147,5 млрд) дейін төмендеп, TONIA 5 б.п. (базалық пунктіге) 13,33%-ға өссе, SWAP бірден 126 б.п. төмендеп, 7,39%-ға дейін түскен.
Бұл ретте, ҚРҰБ-тың депозиттік аукционында қысқамерзімді өтімділікті орналастыруға сұраныс 0,4 трлн теңдеген, 2,8 есе өсті. Солайша сұраныс көлемі 1,1 трлн теңгені құраған. Бұл орайда сұраныс 100%-ды құрап, табыстылығы 14,25% көлемінде тіркелген.
Ал ҚР ҰБ операциялары бойынша ашық позициядағы нарық алдындағы таза берешек 6,7 трлн теңге белгісінде сақталады.
Қор нарығы
Бейсенбі күнгі сауда қорытындысы бойынша KASE индексі 5 098,69 тармақта тіркеліп, +0,2% көлемінде әлсіз өсім көрсетті. Өсудің негізгі драйвері Kaspi акциялары (+3,5%) болды. Оның акциялары бір күн бұрын Nasdaq-та қалпына келіп, +4,6%-ға көтерілген болатын. Алайда бұл өсім «Қазақтелекомның» (-1,1%-ға), «Эйр Астананың» (-1,1%-ға) үлестік бағалы қағаздары құнының төмендеуімен ішінара өтеліп отыр. Ал «Қазақстанның тұрақты даму қорының» жылдық кірістілігі 13,29% құрайтын, 7 млрд теңге көлемінде бір жылдық облигацияларды орналастыруы қарыз нарығындағы оқиғалардың ішіндегі ең елеулісі болды.
Мұнай
3 қазанда Brent маркалы мұнай бағасы +4,3%-ға көтеріліп, барреліне 77,9 долларға дейін көтерілді. Мұнай бағасы Иранның жуырдағы зымырандық шабуылына АҚШ пен Израиль тарапынан жауап қайтарылады деген алаңдаушылық негізінде көтерілген. Алдағы уақытта Иранның стратегиялық мұнай және ядролық нысандарына соққы берілуі мүмкін. Бұл орайда АҚШ президенті Джо Байденнің Израильмен Иранның оңтүстік бөлігіне соққы беру мүмкіндігі туралы мәлімдемесі де, мұнай нарығына айтарлықтай әсер еткен.
Сондай-ақ баға ұсыныстарының өсуіне аймақтағы қақтығыстың өршуі салдарынан Иранның Ормуз бұғазын жауып тастау қаупі де ықпал еткен. Бұл бұғаз арқылы күн сайын Үндістанға, Қытайға және Жапонияға 20 миллион баррель көлеміндегі мұнай тасымалданады. Десе де, сарапшылар мұнай бағасы одан әрі өсе қоймайды деп болжап отыр. Оған Ливияда мұнай өндіру мен экспорттаудың қалпына келуі әсер етеді деп күтілуде.