Қазақстанға 300 мың доллардан артық инвестиция құйған шетелдіктерге виза 10 жылға берілуі мүмкін
Қазақстанға 300 мың доллардан артық инвестиция салатын шетелдіктерге виза 10 жылға берілуі мүмкін. Бұл жайлы Сыртқы істер министрлігінің «Ашық НҚА» порталына орналастырған құжатында жазылған.
Атап айтқанда, Қазақстан Республикасының экономикасына 300 мың доллардан астам инвестиция құйған шетелдік кәсіпкерлерге «А6» санатындағы визасын беруді көздеп отыр. Мұндай жеңілдіктер тек инвесторларға ғана емес, сонымен бірге Қазақстан үшін құнды саналатын мамандық түрлерін игерген шетелдіктер үшін де жасалады. Оларға «В9» санатындағы виза берілмек.
«В9» санатындағы виза – ғылым, білім беру, денсаулық сақтау, өнеркәсіп, IT, спорт және мәдениет және басқа да бағыттар саласындағы Қазақстан үшін құнды дағдылардың иегерлері үшін тұруға ықтиярхат алу құқығымен беріледі.
Ал «А6» санатындағы виза – ел экономикасына 300 мың доллардан астам инвестиция салған шетелдік кәсіпкерлерге, тұруға рұқсат алу құқығымен 10 жылға беріледі.
Құжат түсіндірмесінде бұл шара «Мемлекет басшысының 2022 жылғы 1 қыркүйектегі «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру жөніндегі жалпыұлттық іс-шаралар жоспарының 72-тармағын орындау мақсатында жүзеге асырылатыны жазылған.
Айта кетейік, Қазақстанда сұранысқа ие мамандығы бар шетелдіктер жарты жылдан артық жұмыссыз болса, тұрақты тұру рұқсатынан айырылады. Олар 183 күннен артық жұмыссыз болса, оларға визалық жеңілдіктер берілмейді. Осы жылы «Халықтың көші-қоны және қылмыстық-атқару жүйесі саласындағы заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға өзгеріс енгізілді. Оған сәйкес, балаларға қатысты бұрын жыныстық сипаттағы қылмыс жасаған иммигранттарға елге тұрақты тұруға және Қазақстанның азаматтығын алуға рұқсат берілмейді. Сонымен бірге экстремистік немесе террористік әрекеттерге қатысы бар екендігі туралы мәліметтер болса және ұйымдасқан топтардың көшбасшыларына, ауыр қылмыс жасап сотталғандарға елге кіруге тыйым салынған.