Kase таратқан мәлімет бойынша, «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы «АқтауОйлМаш» ЖШС-ны иеліктен шығарды. Себеп – ЖШС-ның жойылуы. Бұған дейін вакуумдық және ауа сорғыштарын шығарумен айналысқан бұл серіктестіктің 25%-ы ұлттық компанияға тиесілі еді. Оның мемлекет бюджеті мен кредиторларға қарызы 1,5 млрд теңгеге (!) жеткен.
Электронды үкімет те «АқтауОйлМаш» ЖШС-ның жойылғанын растап беріп отыр. «Мемлекеттік орган сауалдан бас тартты. Себебі: көрсетілген бизнес-айқындаушы нөмір жойылған», – деп хабар таратты.
«АқтауОйлМаштың» ұзаққа бармайтыны туралы белгі бұдан сегіз жыл бұрын беріле бастаған-ды. 2016 жылы Атырау облыстық мамандандырылған экономикалық соты «Ембімұнайгаз» пайдасына «АқтауОйлМаштан» 543,4 млн теңге өндіруге шешім шығарған еді. Сот орындаушылары борышкердің 126,41 млн тұратын жылжымайтын мүлкін бергізген. Сол жылдың аяғына қарай аталған серіктестік талапкерге 702,8 млн теңге қарыз екенін мойындаған.
Ал 2018 жылдың қазан айында Маңғыстау облысының мамандандырылған ауданаралық соты «АқтауОйлМашты» банкрот деп танып, жою мәселесін қарастырған болатын. Бұл талапты қойған «Ембімұнайгаз» болды.
Бұл бастаманы артынша «Цеснабанк» те қолдады. Өйткені жабылған серіктестің аталған банкке берешегі 620,8 млн теңге болған. Сот барысында «Қаражанбасмұнай» өкілдері де 19,7 млн теңге көлемінде алашағы бар екенін айтқан болатын.
«АқтауОйлмаштың» уақытша басқарушы директоры қарызды қайтаруға борышкердің басқа мүліктері жоқ екенін, сондықтан банкрот деп тануды сұраған-ды.
Сотта іс қаралып жатқан кезде «АқтауОйлМаштың» салықтар мен басқа да міндетті төлемдер бойынша мемлекетке 112 млн теңге қарызы болғаны айтылды. Оның 20,1 млн теңгесі – өсімпұл. Жалпы компанияның борышы – 1, 541 млрд теңге. Жоғарыда аталғандардан бөлек, «Алке» ЖШС-ға 24,8 млн теңге, «Ықлас-Темір» ЖШС-ға 20,9 млн теңге берешегі болған.
Маңғыстау облысы мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының «АқтауОйлМашты» банкрот деп тану туралы шешімі 2018 жылы 19 желтоқсанда шыққан еді.
Айта кететін жайт, «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясы» АҚ-дан өзге, KazMunayTechnology ЖШС, «Ақмола вагон жөндейтін зауыт» АҚ және «Спутник-Интеграция» ЖШБ «АқтауОйлМаш» ЖШС-ның құрылтайшылары ретінде тіркелген.
Мұның алдында «ҚазМұнайГаз» компаниясының («Самұрық-Қазынаның» еншілес ұйымы) 17 қыркүйектен бастап «Ембімұнайгаз» және «Өзенмұнайгаз» компанияларының 100% акциясының иесі атанғанын хабарлаған едік.