Halliburton активтерінің мұрагері – Ресейдің «БурСервис» мұнай-сервис компаниясы жақын арада Қазақстан мен Өзбекстанның нарығына кірмекші. Бұл туралы осы компанияның директорлар кеңесінің төрағасы Роман Жданов «Интерфакске» берген сұхбатында мәлімдеген.
«Қазіргі кезде шетелде біз тек Беларусьте ғана жұмыс істейміз. Орталық Азия елдерінен тапсырыс берушілерге қашықтан консалтингтік қызмет көрсетеміз. Бұл нарық бізді қатты қызықтырады. Таяуда Қазақстан мен Өзбекстанға кіруді жоспарлап отырмыз», – деді ол.
Ждановтың айтуынша, бұл қадам табысты болса, онда «БурСервис» алыс шетел нарығына, атап айтқанда, Азия-Тынық мұхит аймағына кіру мүмкіндіктерін зерделемек.
«БурСервис» – америкалық Halliburton активтерінің мұрагері болған ресейлік мұнай-сервистік компания. Мұнай-газ кеніштерін бұрғылау және игеру саласында қызмет көрсетуге маманданған. Қазіргі кезде Ресейдің сегіз өңірінде өндірістік базалары бар. Ресейдің жоғарытехнологиялық бұрғылау сегментінің 12-15%-ы тиесілі.
Мұның алдында соңғы он жылда Қазақстанда геологиялық барлау барынша құлдырағаны туралы жазғанбыз.