Алматы облысының әкімдігі Алатау қаласын дамыту үшін Қытай инвесторларымен келіссөз жүргізеді
Үкімет жанында Алатау қаласын дамыту жөніндегі жобалау кеңсесі жұмысын бастады. Кеңсе отырысында инвестор тарту талабын жеңілдету мәселесі қаралды. Үкімет басшысының орынбасары Қанат Бозымбаев жарты жылдан кейін жаңа қаланың даму нәтижесі талқыланатынын айтты.
«Мемлекет басшысы Алатау қаласын құру қарқынын жеделдету міндетін қойды. Осы аптада Премьер-Министрдің өкімімен Жобалау кеңсесі құрылды. Ол жетекшілік ететін салалар бойынша дербес жауапкершілікті айқындай отырып, жобалық тәсіл негізінде негізгі шешімдер қабылдауға арналған алаңға айналады. Қаланы құрудың алғашқы нәтижелері дәл 6 айдан кейін ұсынылуы керек. Бастапқы мәре – бүгін», — деп атап өтті Қанат Бозымбаев.
Үкімет қала құрылысын жеделтпек. Ол үшін инвесторлар қызығатындай қарқын алуға тиіс.
«Шетелдік инвесторлардың негізгі тілектерінің бірі – «бір терезе» қағидаты бойынша қызмет көрсету, инвестициялық цикл бойы қолдау және сервистік қызмет көрсету. Алматы облысының әкімдігі мен СІМ Инвестиция комитеті Алатауда осыған сай экожүйе құруы қажет», — деп атап өтті Қанат Бозымбаев.
Облыс әкімдігі резервтегі (өнеркәсіптік) «Арна» аймағында негізгі жобалар жөнінде баяндады. Қазірдің өзінде Алатауда 10 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда, Dolce-Group, Hyundai Green Food және TBEA сияқты компаниялар тартылмақ.
«Жақында «Alatau» АЭА-ның алғашқы қатысушыларын тіркеу күтілуде. Алматы облысы делегациясының Қытайға, оның ішінде Шэньчжэньге әлеуетті инвесторлармен кездесу үшін сапары жоспарланған», – деп хабарлады Үкіметтің баспасөз қызметі.
Алатау Алматы қаласының солтүстігінде бой көтереді. Бұл орын Алматыны «Қорғас» халықаралық шекара маңы ынтымақтастық орталығымен (Қытай) байланыстыратын маңызды дәліз саналады. Сонымен бірге А3 (Алматы – Қонаев) автомагистралі бойында орналасқан және «Жаңа Жібек жолы» бастамасының стратегиялық артықшылықтарына ие.
Қыркүйектің 13-і күні Қасым-Жомарт Тоқаев Asia Infrastructure Solutions Singapore компаниясының төрағасы Вонг Хэн Файнды қабылдады. Кездесуде Alatau City жобасын талқыланды. Сингапурлық Surbana Jurong компаниясымен бірлесе дайындалған Алатау қаласының Бас жоспары биыл мамыр айында қабылданған. Президент осындай жобаларды іске асыруда Вонг Хэн Файнның мол тәжірибесі бар екенін атап өтті. Оның бас консультант ретінде берген ұсынымдары халықаралық бизнес-хабқа айналуды көздейтін жаңа қаланы жобалау және салу ісінде нақты нәтижеге ұласатынына сенім білдірді.
Қазақстанда 10 жылдың ішінде адам көп шоғырланған ауылдар негізінде кемінде 10 жаңа қала құруға мүмкіндік бар. Бұл туралы экономист Қасымхан Қаппаров айтты.