Астанада алиментке берешегі барлардың құмар ойын ойнауына тыйым салына бастады
Елорда прокуратурасы алимент төлеуден жалтарған борышкерлердің құмар ойындар арқылы табыс тауып жүргенін анықтады. Сол себепті олардың құмар ойын ойнап, бәс тігуіне шектеу енгізді.
Астана прокурорларының мәліметінше, 150 борышкер өз балаларына 350 млн теңге қарыз бола тұра, құмар ойындарына ақша салған. Мысалы, биылғы қарызы 2,5 млн теңгені құраған борышкерлердің бірі букмекерлік кеңседе 80 млн теңге жеке айналыммен құмар ойындарға қатысқан.
«Прокуратураның қадағалау актісі бойынша жеке сот орындаушылары 150 борышкерге құмар ойындарға қатысуға тыйым салды. Бұл шектеудің жаңа түрі борышкерлердің ақшаны орынсыз жұмсауын болдырмайды. 2024 жылғы 9 қыркүйекте күшіне енген Қазақстан Республикасының «Ойын бизнесі туралы» Заңына сәйкес, елорда прокуратурасы ойын бизнесінің ұйымдастырушыларына борышкерлерді құмар ойындарға қатыстырмауға шақырады»,-делінген хабарламада.
2024 жылғы ақпандағы ақпаратқа сүйенсек, қазақстандықтардың алимент бойынша қарыздары 20 млрд теңгеден асқан.
Айта кетейік, жуырдаҚазақстанда әскери қызметкерлердің құмар ойын ойнауына тыйым салатын заң күшіне енді. Енді мемлекеттік қызметшілер, әскери қызметшілер, арнайы және құқық қорғау органдарының қызметкерлері, бюджеттік ұйымдардың басшылары құмар ойындар мен бәс тігулерге қатыса алмайды. Осы шектеуді бұзғаны үшін оларды жұмыстан шығару қарастырылған.
Еске сала кетейік, бұған дейін Президент букмекерлердің жарнамасына шектеу қойылатын заңға қол қойған еді.
Атап айтқанда, құмар ойындарға бәс тігуге қатысуына тыйым салынатын адамдар санатының тізімі кеңейтілді. Енді олардың қатарына борышкерлердің бірыңғай тізілімінде тұрған тұлғалар қосылды. Сонымен қатар сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеу енгізу арқылы жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын, мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамдардың, оларға теңестірілген адамдардың құмар ойындарға/бәс тігуге қатысуына шектеу қойылады.