Жаңалықтар

Батыс Қазақстан облыстық прокуратурасы «Уральская неделя» газетіне қатысты жағдайды түсіндірді

Сот газет иесіне 30 АЕК көлемінде айыппұл салды / Фото: архив kursiv.media 

«Уральская неделя» газетіне тиесілі  «Журналистская инициатива» ЖШС АЭС құрылысы бойынша референдум туралы сауалнама жүргізгені үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылып, айыппұл арқалады. Бұл туралы БҚО прокуратурасының баспасөз қызметі хабарлады.

«03.10.2024ж. «PROTENGE» және «Уральская неделя» ақпараттық-жаңалық арналарында «Уральская неделя» газетінің бас редакторы Т.Еслямованың мақалалары жарияланды. Онда оны және «Журналистская инициатива» ЖШС кәсіби журналистік қызметті (азаматтармен қарапайым сұхбат) жүзеге асырғаны үшін ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 112 және 129-баптары бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылуы туралы айтылған. Алайда бұл ақпарат келесі негіздер бойынша шындыққа сәйкес келмейді», – делінген ресми жауапта.

Прокуратура мұндай сауал салуларды заңға сәйкес тіркелген және қоғамдық пікірге сауал салуды жүргізуде кемінде 5 жыл тәжірибесі бар заңды тұлғалар ғана жүргізуге құқылы екенін мәлімдейді. Бұдан бөлек аталған ЖШС бұл туралы тиісті құжаттардың көшірмелерін қоса бере отырып, Орталық референдум комиссиясына алдын ала жазбаша хабарламаған.

Ақпаратқа сәйкес, сот шешімімен «Журналистская инициатива» ЖШС аталған бап бойынша кінәлі деп танылып, 30 АЕК (110,7 мың теңге) көлемінде айыппұл арқалаған.

Осыған дейін «Уральская неделя» бас редакторы Тамара Еслямова өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында сот компанияны ӘҚБтК-нің 120-бабы, 3-бөлімі («сайлауға байланысты қоғамдық пікірге сауалнама жүргізу шарттарын бұзу») бойынша кінәлі деп танығанын хабарлаған еді.

Айта кетейік, үгіт-насихат кезеңінде Қазақстанда референдум туралы заңды бұзған 24 жағдай тіркелгені хабарланды. Олардың барлығы да қоғамдық пікірді сұрауға байланысты болған.

Сауалнаманы тек Орталық сайлау комиссиясы бекіткен ұйымдар учаске алдында ғана жүргізе алатыны хабарланған еді.