Turar, Nurbullin, Жанар Айжанова, Қанат Әлжаппаров, Саят Медеуов және басқалар – алдағы аптада қандай концертке баруға болады?

Жарияланды 5 Қазан 2024 12:45

(жаңартылды 5 Қазан 2024 12:29)
post.authors.0.name

Айшолпан Керім

Turar, Nurbullin – алдағы аптада қандай концерттер / Фото: Shutterstock

Жаз – фестивальдер маусымы. Ал күзде әншілер көптеп концерт беріп, жеке шығармашылық кештерін жасап, тыңдарманын қуантады. Көбі ел аралап, республиканың түкпір-түкпіріне барып, ән шырқап береді. Kursiv.kz алдағы аптада елімізідң әр өңірінде өтетін концерттер тізімін жасады. Өз қалаңызды тауып, концертке билет алып, күздің бір кешін ерекше әсерлі етіп өткізіңіз.

Nurbullin Tour 2024 – Нұрболат Абдуллиннің ән кеші

7 қазан, Түркістан қаласы

Жастардың да, орта буынның сүйікті әншісіне айналған Нұрболат Абдуллин ел аралап, концерт беріп, көрермен ықыласына бөленіп жүр. 7 қазан күні әнші Түркістандағы тыңдарманымен жұздеспек. Кеште әнші өзінің ең танымал хит әндерін орындап береді. 

Концерт Түркістан қаласындағы Конгресс орталығы ғимаратында өтеді. Кеш сағат 19:00-де басталады. 

Билеттерді Ticketon.kz сайтынан таба аласыз. 

Түрік сериалдарының әлемі – BN Team Orchestra

10 қазан, Астана қаласы

BN Team Orchestra осымен екінші рет тыңдарманға сүйікті түрік сериалдарының саундтректерін жанды оркестр орындауында тыңдап, керемет ісер алу мүмкіндігін сыйламақ. 10 қазан күні шығармашылық ұжым қазақстандық сериал сүйер қауымның жүрегінен орын алған, үзбей тамашалаған түрік сериалдарындағы үздік әуендерді орындап береді. 

BN Team — республикамыздың елордасынан ашылға жас және жігерлі музыканттардың, актерлар мен артистердің шығармашылық ұжымы. Кейінгі жылы Қазақстанның 20 қаласында, сонымен қатар Баку, Тбилиси, Батуми, Бішкек және Ташкентте 170-тен астам концерт өткізді. 

Бұл жолғы кеште де үлкен экраннан сүйікті сериалдарыңыздың үздік үзінділерін тамашалап, симфониялық оркестр мен хордың орындауындағы саундтректерді тыңдап, ерекше әсер ала аласыз. Ұжым тыңдармандардың өтініші бойынша концертік бағдарламаға өзгеріс енгізіп, кеште орындалатын саундтректер тізімін толықтыра түскен. Кеште «Зимородок», «Ғаламат ғасыр», «Қара севда», «Маусым түні», «Күзгі жапырақтар», «Құс патшайымы», «Осман негізі», «Құлпынай жұпары», «Есігімді қағып кел», «Шүкір» және тағы басқа танымал сериалдардың әуендерін тыңдай аласыз. 

Көңілдеріңізді BN TEAM ұжымының ұмытылмас концерттерімен толықтыруға асық болыңыз! Күзгі кештерге сән беру үшін мұндай кештің таптырмас нұсқа екеніне сенімдіміз.

Шығармашылық кеш 10 қазан күні Астанадағы Әзірбайжан Мәмбетов атындағы мемлекеттік драма және комедия театры ғимаратында өтеді. Мекенжайы: Мәңгілік Ел даңғылы, B2. Басталатын уақыты: 19:00 

Билеттерді Ticketon.kz сайтынан сатып ала аласыз.

Қанат Әлжапбаров пен Қайрат Әділгерейдің әзіл кеші 

9 қазан, Өскемен қаласы

Алдағы аптада әзіл әлемінің белді тұлғалары Қанат Әлжапбаров және Қайрат Әділгерей Өскемендегі көрерменін қуанту үшін тур аясындағы концерттік бағдарламасын ұсынбақ. Бұл кеште көремен артистердің әзілін тыңдап, өнерін тамашалап қоймай, оларды жаңа қырынан да тани түседі.

20 жылдан аса уақыттан бері көрермен көңілінен шыққан түрлі сериалдар мен фильмдерді қазақша дыбыстап жүрген Қайрат Әділгерей мен қағытпа қалжыңымен, әйгілі «Автоматымен» жұрттың ыстық ықыласына бөленген Қанат Әлжаппаровтың кешінен кім болса да, қалып қойғысы келмейтіні белгілі. 

Ұйымдастырушылар әдетте әзілге толы монолог айтып сахнаға шығатын бұл жұлдыздар Семейде өтетін кеште сахналық қойылым көрсетіп те, халықты қуантуды жоспарлап отырғанын хабарлады. Кештен қапы қалмаңыз.

Әзіл-сықақ кеші 9 қазан күні Протазанова, 43 мекенжайы бойынша орналасқан Шығыс Қазақстан облыстық филармониясында өтеді.

Басталуы: 18:30

Билеттер Ticketon.kz сайтында.

«Әсеттің әсем әндері-ай» – Әсет Бейсеуовті еске алу кеші

11 қазан, Алматы

Алдағы жұма күні Алматыдағы бас сахна – Республика сарайында Әсет Бейсеуовті еске алу кеші өтеді. Қазақ халқына 500-ден аса әсем әнін мұра етіп қалдырған сазгердің әр шығармасы өнер сүйер қауымның жүрегінен ойып орын алған. Сазды әуендер шырқалатын ғажайып кеште композитордың көптеген танымал әні шырқалады. Концерт бағдарламасында Нұрғали Нүсіпжанов, Қанат пен Айткүл Құдайбергеновтер, Ұлжан Айнақұлова, Рамазан Стамғазиев, Жанар Айжанова, Гүлбаршын Тергеубекова, Саят Медеуов, Ақбота Керімбекова, Мақсат Базарбаев, Әлия Әбікен, Нұржан Қалжан, «Жігер» тобы және басқалары бар. Бұл кеште сахнаға енді қадам басса да, көрермен кеңінен танылып үлгерген жас жұлдыздар да өнер көрсетеді. Соның бірі – кейінгі жылдары ерекше үнімен желі жұлдызына айналған Нұрислам Тілеухан. Кешті Қосқанат Көпжасарұлы мен Гүлмира Нәлібай жүргізеді.

Жұма кешінде аптаны әдемі қорытындылау үшін осы кешке баруға кеңес береміз. Ескі әрі есті әндермен бір сусындап қайтыңыз. Жаныңызға анаңызды, апаңызды, әкеңіз бен көкелеріңізді де ала барыңыз. Оларға өз заманының әндері тіпті ерекше әсер сыйлайтыны анық. 

Әйгілі композиторды еске алу кеші 11 қазан күні Алматыдағы Республика сарайында өтеді. Басталу уақыты: 19.30.

Билеттерді Ticketon.kz сайтынан таба аласыз.

Әділет Жауғашардың ән кеші

11 қазан, Астана

Әділет Жауғашар – қазақ эстрадасында өзіндік стилі бар,ерекше әндерімен, атмосфералы бейнебаяндарымен, ырғақты әуенімен тыңдарман жүрегінен орын алып,халықтың ыстық ықылысына бөленіп жүрген әнші.

Жеке шығармашылығын 2020 жылы қолға алып, үлкен сахнаға шыға бастаған әнші бүгінде халыққа «Бесаспап қыз», «Бұртиғаныңды сүйдім», «Біздің ностальгия», «Мамау» және тағы басқа да әндерімен танымал. Сонымен қатар ол тек орындаушы емес, көптеген жақсы әннің авторы ретінде де танылып жүр.

Әнші ән әлеміне қадамын нық басып, әп сәтте өз тыңдарманын таба алды. Сондықтан көп уақыт өтпей 2022 жылы Алматы қаласындағы Республика Сарайында өзінің алғашқы есеп беру кешін өткізді. Кеште Төреғали Төреләлі, Қуандық Рахым, Әбдіжаппар Әлқожа және тағы басқа танымал әншілермен дуэт орындап, қонақтарын қуантты. 

Ал алдағы аптада әнші Астанада зал жинап, көрерменімен қосыла ән шырқауды жоспарлап отыр. Кеш жанды дауыста өтеді.

Концерт 11 қазан күні Астанадағы  мемлекеттік академиялық филармонияның концерт залында өтеді. Басталатын уақыты: 20:00.

Әнші Turar-дың ән кеші

12 қазан, Астана

Жастардың сүйікті орындаушысына айналған әнші Тұрар барлық жанкүйерлерін көптен күткен концертіне шақырады! Оның шығармашыларында қазіргі заманғы музыкалық жанрлар мен өмір және махаббат сияқты маңызды тақырыптарды қозғайтын терең, жан-жақты мәтіндердің керемет үйлесім тапқан. Әншінің «Сары қыз», «Мен ешкімді сүймеймін», «Ойлай беремін», «Ертегі емес», «Болмайды», «Әке» деген әндері тыңдарман арасында танымал. Сахнада бір жүрген әріптестерімен жазған дуэттері де аудиториясының ерекше ықыласына бөленіп жүр. Әнші алдағы апта өтетін шығармашылық кешінде көптің көңілінен шыққан хит әннің бәрін шырқап бермек.

Кеш қонақтары: Мирас Жүгінісов, ILHAN, Aimmich.

Концерт 12 қазан күні Астанадағы Конгресс орталығы ғимаратында өтеді. Басталуы сағат 20:00-де. 

Әлі де билет алып үлгересіз, ол үшін Ticketon.kz сайтына өтіңіз. 

Сондай-ақ оқыңыз