Проп трейдинг дегеніміз не? Оның қыр-сыры қандай?

Жарияланды
Проп трейдинг дегеніміз не? / Фото: shutterstock.com

Ақылды азаматтар айналысатын трейдинг саласы трендте. Акция, облигация, валюта саудасы көпшілікті қызықтырғанмен, кей адамдардың айналымға салатын алғашқы жарнасы болмауы мүмкін. Бұл салада жақсы пайда табу үшін бастапқы қаражатыңыздың көлемді болғаны абзал. Дегенмен енді бұл мәселені де айналып өтуге болады. Себебі қазір көп трейдерлер проп компаниялардың қызметіне жүгіну арқылы қомақты капиталмен сауда жасап отыр. 

Сонымен проп трейдер дегеніміз кімдер? Проп компания сөзі нені білдіреді? 

Проп трейдер – өзге компанияның қаржысын пайдаланып сауда жасайтын азаматтар. Ал проп компания осындай трейдерлерді қаржыландырады. Әлбетте, тоғыз жолдың торабында батпан байлық тегіннен-тегін жатпасы анық. Олардың да өзіндік қоятын талаптары бар. Негізінен, құнды қағаздар нарығында сауда жасағысы келген әр азаматтың белгілі бір деңгейде білімі болуы қажет. Проп компаниялар үшін де сіздің нарықтағы тәжірибеңіз бен біліміңіз маңызды. Сол себепті олар шотыңызға қаржы құймастан бұрын сынақ мерзімінен өтуді талап етеді. 

Проп компаниялардың қоятын талаптары қандай? 

Проп компаниялар сізге 2000 мен 200 000 доллар аралығында қаржы беруге дайын. Қазір нарықта мұндай компаниялар өте көп. Тиісінше талаптар да сан қилы. Біз солардың жиі қоятын шарттарын негізге ала отырып, бірнеше топтарға бөлеміз. Ең алдымен, сынақ мерзімінен бастайық. Көпшілік компания екі кезеңді сынақ мерзімін ұсынады. Трейдерлердің басым бөлігі де сынақтың осы түрін таңдайды. Одан бөлек, бір немесе үш кезеңдік түрлері де бар. Өте сирек компаниялар сынақ мерзімінсіз-ақ өз капитандарын ұсынады. Дегенмен оларға сенім артпауға кеңес берер едік. 

Сынақ кезеңінде сізге демо шот беріледі. Ондағы қаржы көлемін өзіңіз таңдайсыз. Егер сынақтан сүрінбей өтсеңіз, сол қаражатты шынайы саудада пайдалана аласыз. Бірақ бұл қызмет ақылы. Мысалы, 5000 долларлық шотты қолдану үшін шамамен 37 доллар мен 50 доллар көлемінде ақы төлеуіңіз қажет. Жоғарыда айтып өткеніміздей, бұл сынақ сіздің біліктілігіңізді тексеру үшін қажет. Екі кезеңдік сынақтың алғашқы бөлігінде сіз берілген қаражаттың көлемін 10%-ға арттыруыңыз шарт. Бұл егер сіз 5000 долларлық тарифті таңдасаңыз, оны 5500 долларға дейін көбейтуіңіз қажет дегенді білдіреді. Ал екінші кезеңде табыс көлемі 5%. Яғни 5000 долларға тағы 250 доллар пайда қосуыңыз керек болады. Бұл бір қарағанда оңай әрі ұтымды шешім болып көрінуі мүмкін. Дегенмен іс жүзінде бәрі сіз ойлағандай емес. Трейдерлерді қаржыландыру проп компания тарапынан үлкен тәуекел екені түсінікті. Сондықтан олар сізге табыс көлемінен бөлек шығынға ұшырайтын қаражатқа да байланысты шектеулер мен талаптар қояды. 

Сынақ мерзіміндегі шығын талаптары 

Бірінші кезекте, сіз берілген капиталдың 10%-нан айырылып қалмауыңыз керек. Күндік шығыныңыздың көлемі 5%-ға жетпеуі шарт. Сонымен қатар әр саудадан келетін шығын көлемі де 3%-ға жетпеуі талап етіледі. Біз жоғарыда айтқан ақпараттарға сүйене отырып, сіз екінші кезеңді салыстырмалы түрде жеңіл деп ойлауыңыз мүмкін. Алайда бұл кезеңде табуыңыз қажет болған пайданың көлемі екі есе қысқарғаны тәрізді, айрылуыңыз мүмкін болған қаржы көлемі де екі есеге артады. Бұрын сіз жалпы есепте 10%-ға дейін қаражаттан айрылуыңыз мүмкін болса, енді оның көлемі шамамен 5%-дан артпауы керек дегенді білдіреді. Сынақ мерзімі бір күн мен үш ай немесе одан да көп уақыт болуы мүмкін. Бұл көптеген проп компанияда жиі кездесетін сынақ мерзіміндегі талаптар. Яғни кей компаниялардың шарттары аздап өзгеше болуы мүмкін. 

Капитал берілгеннен кейінгі талаптар 

Проп компаниялардың келесі шарттары сынақ мерзімі кезінде және сынақ мерзімінен өткеннен кейін де жалғасады. Біз бұл жерде де тек жиі кездесетін ережелер жөнінде ғана ақпарат береміз. Тиісінше, компаниялардың өзіндік өзгеше шарттары болуы мүмкін. Біз ережелерді тағы да екіге бөлеміз. Олар жасырын ережелер және келісімшартта көрсетілген талаптар. 

Ескертілетін ережелер 

Шотыңызға шынайы қаржы аударылған мерзімнен бастап сынақ мерзіміндегі талаптардың біршамасы сақталып қалады. Сіз ол кезеңдерді компаниямен жұмыс жасауға дайындық мерзімі деп санауыңызға болады. Күшін жоймайтын шарттардың бірі шығын көлеміне қатысты. Яғни, сіз жалпы қаражаттың 10 пайызынан және әр саудада 3 пайыздан бір тәулік ішінде капиталдың 5 пайызынан артық қаражаттан айырылмауыңыз қажет. Пайыздардың мөлшері проп компанияның өз талаптарына сай әр түрлі болуы мүмкін. Сонымен қатар, инвестор есебінен сауда жасайтын болсаңыз, компания сіздің белсенділігіңіз бен сауда күндеріңізге де бақылау орнататын болады. Мысалы, сіз тек белгілі бір күндерде ғана нарыққа кіре аласыз. Немесе керісінше, кей күндері құнды қағаздар базарына кіруіңізге тыйым салынады. Жиі кездесетін ережелердің бірі – нарықтағы жаңалықтар кезіндегі саудаға салынатын тыйым. Бұл талап нақты бір компания акциясына ғана қатысты жаңалық кезеңінде немесе жалпы жаңалықтар кезеңінде болуы мүмкін. 

Ескеретін ережелер 

Проп компаниялар табысының біршамасын трейдерлер есебінен емес, сынақ тапсыруға талаптанған азаматтар қаржысынан алады. Сондықтан кей ережелерді келісімшартта ескертпейді. Бұл табысты трейдерлер үшін де үлкен мәселе болуы мүмкін. Себебі шарттар бұзылған жағдайда шотыңыз бұғатталады. Біз айтатын келесі ақпараттар нақты деректерге емес, нарықтағы трейдерлердің кейстеріне негізделген. Мұндағы біз жасырын деп отырған талаптар сіз таңдаған проп компанияда болмауы да мүмкін. Кей компаниялар сізден мынадай деректерді жасырады. Ол – сауда келісімдерінің санына байланысты. Мысалы, сіздің келісімшартыңызда бір мезетте көп көлемде келісім саудасын ашуға тыйым салынады. Бірақ оның нақты саны жазылмайды. Осы жерде тағы бір нақтыланбаған талап – уақыт мәселесі. Сізге бір минут ішінде немесе бірнеше минут аралығында қатарынан сауда жасауға рұқсат берілмеуі мүмкін. Осы тәрізді анық жазылмаған талаптарды әрдайым компания мамандарымен байланысып нақтылап алуға кеңес береміз. Проп компания жаңалықтарын жіті бақылап отырыңыз. Себебі олар сізге ескертпей ережелерді өзгертіп жіберуі немесе жаңа ережелерді енгізуі де ықтимал. 

Проп компанияны таңдау барысында нені ескерген дұрыс? 

Ең сенімді проп компаниялар брокерлік компаниялармен бірлесіп ашылады. Өзіңіз таңдаған проптың серіктестеріне мән беріңіз. Олардың өз платформалары да болуы қажет. Тағы бір ескеретін жайт – бұл сіздің сауда алаңыңыз және стратегияңыз. Мысалы, криптовалютамен айналысатын трейдерлерге проп компания қаржы құймауы мүмкін. Немесе кей проптар акция нарығындағы трейдерлерге қолдау білдірмейді. Бұл стратегияңызға да қатысты. Кей проп компанияларда қысқамерзімді сауда қолайлы немесе керісінше болып келеді. Қазір олардың рейтингін шығарып отыратын арнайы платформалар бар. Осындай дерек көздеріне жүгінгеніңіз абзал. Қоржыныңызға қомақты капитал ұсынушылар кейде қысқа мерзім ішінде түрлі себептермен жабылып қалып жатады. Көп жағдайда олар сіздің қаржыңызды қайтармайды. Сондықтан бірнеше нұсқа әзірлей жүріңіз.

Проп компанияның жағымды тұстары.

Әлбетте бұл бірінші кезек те үлкен мүмкіндік. Сіз аз қаражатпен үлкен табысқа шығуыңызға болады. Біліміңізді арттырып, мол тәжірибе аласыз. Егер ғайып-тайып шотыңыз бұғатталса, тіпті ереже бұзып бірнеше рет өз мүмкіндігіңізден айырылып қалсаңыз да қамықпаңыз. Себебі көптеген проп компаниялар сізге әрдайым тағы бір мүмкіндік беруге әзір.

Сондай-ақ оқыңыз