Ресеймен шекарадағы автокөлік өткізу пунктінде кептеліс жоқ – Мемлекеттік кірістер комитеті
Мемлекеттік кірістер комитеті Ресеймен шекарада кептеліс болмағанын хабарлады. Одан бұрын кейбір ақпарат құралдары Ақтөбе облысындағы «Жайсан» өткізу пунктінің алдында Ресей Федерациясы бағытындағы жүк автокөліктері тұрып қалды деп дабыл қаққан.
Осыған байланысты кірістер комитеті қазіргі уақытта «Жайсан» өткізу пунктінде жүк автокөліктерінің кептелісі байқалмайтынын, өткізу пункті штаттық режимде жұмыс істейтінін мәлімдеді.
Тәулігіне орта есеппен «Жайсан» өткізу пункті арқылы 1,6 мыңнан астам жүк және жеңіл автокөліктер өтеді. Шекараның қазақстандық жағында «Жайсан» өткізу пунктінде әр бағытта 4 жол белдеуі, Ресей жағында «Сагарчин» өткізу пунктінде 1 жол белдеуі жұмыс істейді.
«Мемлекеттік кірістер органдары тарапынан жұмыс штаттық режимде жүргізіледі, өткізу пунктінде құжат тіркейтін барлық терезе ашық. 4 қызметкер тұрақты негізде жұмыс атқарады, өткізу пункті шегінде жүргізушілер мен автокөліктердің кептелісі жоқ», – деп жазды аталған комитеттің баспасөз қызметі.
Бұған дейін БҚО-дағы «Сырым» автомобиль өткізу пунктінде Қазақстаннан Ресей Федерациясына бет алған 200-ге тарта жүк көлігі ұзақ кідірген. МКК сол кезде Ресейдің Самар облысындағы автожолдың жөнделіп жатқаны осыған себеп болды деп түсіндірді.