Жаңалықтар

Референдум учаскесінде дауыс берген ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда халықаралық консорциум жұмыс істеуі керек екенін айтты

Қазақстан Републикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев республикалық референдумда дауыс берді. Бұл жөнінде Президенттің баспасөз қызметшісі Берік Уәли хабарлады. Президенттен журналистер халық АЭС құрылысын қолдаса, қай елдің салатынын сұрады.

– Бұл бірден жауабын беретін оңай сұрақ емес. Үкімет талдау жұмысымен шұғылданып, тиісті келіссөздер жүргізуге тиіс. Менің жеке көзқарасым бойынша, Қазақстанда өте озық технологияға ие компаниялардан тұратын халықаралық консорциум жұмыс істеуі қажет. Одан ары қарай өмір көрсетеді, – деп жауап берді Қасым-Жомерт Тоқаев.

Сонымен қатар брифинг барысында «Қазіргі Үкіметтің жұмысына көңіліңіз тола ма?» деген сұрақ қойылды.

– Менің ойымша, Үкімет белсенді жұмыс істеп жатыр. Мемлекет басшысы ретінде қойған міндеттерімді орындауға тырысады. Жұмысымыз өте қауырт. Ол бұқаралық ақпарат құралдарына көріне бермеуі мүмкін. Ақпараттарды жан-жақтан алып отырамын. Жалпы, мен көп оқитын адаммын. Сондықтан елдегі барлық оқиғадан әрқашан хабардармын. Министрлердің және Үкіметтің жұмысында кемшін кетіп жатқан тұстар болса, әлбетте, ескертемін. Жеті ай деген көп уақыт емес. Үкімет мүшелері өздерін көрсетуі керек. Ең басты міндет – ел экономикасының дамуына серпін беретін мүмкіндіктерді іздеу, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президенттен бөлек референдум учаскелеріне Премьер-Министр Олжас Бектенов, Энергетика министрі Алмасадам Сатқалиев, Алматы әкімі Ерболат Досаев және Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов ерте келіп, дауыс берді.

Айта кетейік, елде 84 учаскеде дауыс беру таңғы сағат 6:00-де басталды. Қазақстан Республикасының орталық референдум комиссиясы, облыстардың, Астана, Алматы, Шымкент қалаларының комиссиялары ұсынған ақпараттарына сәйкес өңірлерде учаскелерде сағат 7:00-дегі жағдай бойынша 10 249 азамат дауыс бергенін хабарлады. Дауыс берушілер тізіміне 12 240 683 азамат енген.  Қазақстанда 10 323 референдум учаскесі бар. Оның 74-і шетелдерде орналасқан.