Сәтқалиев елде мұнай өнімдеріне тапшылық жоқ деп мәлімдеді. Қашағандағы жөндеу жұмысына байланысты мұнай өндіру көлемі уақытша кемиді
Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев Астанадағы N230 сайлау учаскесінде болды. Ол заңға сәйкес дауыстарды санау жеті күнге дейін созылуы мүмкін екенін атап өтті. Ал референдумның қорытындысы шыққанда ғана бұл бағыттағы жұмыстарды одан әрі жалғастыру мүмкіндігі туралы қаперге салды. Министр одан бөлек журналистер сауалына орай мұнай өңдеу зауыттарының жеткілікті қоры бар екенін айтты.
– Екі жылдан бері мұнай өңдеу зауыттарының толық көлемде жөнделуіне мүдделіміз. Одан бұрын зауыттар жөнделмейтін немесе жаңғырту жұмысына ерте кірісетін. Бұл нысандардың ескіруіне, апаттардың көбеюіне әкеліп соқты. Біздің басты мақсатымыз – жыл бойына және қысқы кезеңде мұнай өңдейтін зауыттар кідірмей жұмыс істеуі керек. Сондықтан біз жұмыс режимін өзгерттік. Зауыттардың барлығы жоспарға сәйкес жөндеу жүргізуі қажет. Соның алдында алдын ала жанар-жағармай қорын қалыптастырып алып жатырмыз. Статистикалық есептеулер жүргізіп, қор жсақтаймыз. Оған қоса қажет кезінде мұнай өнімдерін импорттау жөнінде келісіміміз бар. Қазіргі уақытта ешқандай мәселе жоқ. Бізде 27 күнге жететін дизельдік отын және бензин қоры, 45 күнге дейін жететін авиакеросин бар, – деді ведомство басшысы.
Алмасадам Сәтқалиев Ақтөбе, Ақмола, Солтүстік Қазақстан облысы, Шығыс Қазақстан облыстары бойынша сұйытылған газ тапшылығы туындағаны туралы баяндады. Министрдің сөзінше, ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің сұранысына байланысты қосымша дизель отыны мен сұйытылған газ бөлуге тура келген.
– Кейбір өңірлерде сұйылтылған газға байланысты мәселелер туындауда. Ол мына жайтқа байланысты. Өңірлердегі тауар өндірушілер бидайды кептіру үшін ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері қосымша дизель отыны мен сұйылтылған газ беруді сұрады. Соған байланысты қосымша көлем қарастыруға тура келді. Бірақ жөнелтім кесте бойынша жүзеге асуда. Ішкі нарықта жеткізу бойынша мәселе болғанымен, елде бірде-бір мұнай өнімдері бойынша тапшылық жоқ, – деді министр.
Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев Қашаған кен орнындағы жөндеу жұмыстарына байланысты Қазақстан нарыққа тәулігіне 400 мың баррельге жуық мұнай жеткізе алмайтынын айтты.
«Әрине, жөндеу жұмысы өндіріске әсер етеді. Қазақстан тәулігіне 400 мың баррельге жуық мұнайды нарыққа жеткізбейтінін білеміз. Ал тамыз, қыркүйек айлары бойынша міндеттемені толық орындадық. Энергетика министрлігімен келісілген жоспарлы жөндеу 40 күнге созылады. Бірақ қазір консорциум басшылығы жөндеу жұмысын, шамамен, 30 күн ішінде мерзімінен бұрын аяқтауға тырысамыз деп отыр. Бірақ келісімге сәйкес 40 күн күте аламыз», – деді Сәтқалиев.
Қазақстан Републикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев АЭС салу жөніндегі республикалық референдумда дауыс берді. Тоқаев маңызды нысанды салуға халық дауыс берсе, Қазақстан өте озық технологияға ие халықаралық консорциуммен жұмыс істеуі керек екенін айтты.